
Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі LRT құрылысына байланысты кейбір көшелердегі жол ережесін өзгертті.
Енді Момышұлы көшесінің Мөңке би мен Төле би көшелерінің аралығы, Төле би көшесінің Момышұлы мен Абылай хан даңғылына дейінгі аралықта автокөліктерге автобус жолағымен жүруге рұқсат берілді. Сондай-ақ осы учаскелерде жол ережесін тіркеп отыратын камералар өшіріледі.
«LRT құрылысы мен жол төсемін жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жоғарыда көрсетілген учаскелердегі ереже бұзушылықтарды тіркейтін камералар 2026 жылдың соңына дейін уақытша өшірілді», – деп жазылған Қоғамдық кеңес хабарламасында.
Бұған дейін Момышұлы көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген.
Алматыдағы LRT-ның бірінші кезеңі Момышұлы көшесі, Төле би көшесі, Абылай хан даңғылы арқылы «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін барады. Ал оның депосы Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде орналасады. Жобаның осы бірінші кезеңінің жалпы ұзындығы 18,3 шақырымды құрайды.
Құрылысқа 61,4 млрд теңге бөлінген. Ал жобаны жүргізуге қытайлық компаниялар көмектеседі.