
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша шағын бизнеске берілген несие көлемі 14,1%-ға өсіп, 2 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Талдау орталығы хабарлады.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы шағын кәсіпкерлікті несиелеу нарығына шолу жасады. Оған сәйкес, шағын бизнестің банктерден несие алуға деген ынтасы әлі де жоғары, бірақ өсім қарқыны айтарлықтай баяулаған.
Мәселен, биыл несие алуға түскен өтінімдер саны өткен жылмен салыстырғанда небәрі 3,2%-ға ғана өскен (912,2 мың өтінім). Өткен жылғы көрсеткіш 12,5% болған еді. Өсімнің мұндай баяу болуына төмендегі жағдайлар әсер еткен:
- Нарықтағы несие пайыздарының әлі де жоғары болуы;
- Кәсіпкерлердің бұған дейін мемлекеттен алған қолдау қаржыларын әлі игеріп үлгермеуі;
- Шағын бизнестің жаңа салық заңнамасына бейімделуі;
- Мемлекеттік бағдарламалардың шарттары өзгеруі.
Жаңа шарттар бойынша несие алушыларға қойылатын талаптар қатайып, жеңілдікпен қаржыландырылатын салалардың тізімі қысқарған.
Несие алғысы келетіндердің жағдайы жақсарған
Сұраныстың баяу өскеніне қарамастан, несие алғысы келетін кәсіпкерлердің қаржылық жағдайы жақсара түскен. Мақұлданған өтінімдердің үлесі 33%-дан 34,4%-ға дейін өсті.
Ұлттық банктің талдауына сүйенсек, жағдайы мүшкіл (кризистік) шағын кәсіпорындардың үлесі 38,9%-дан 33,9%-ға дейін азайған. Демек банктердің несиені көбірек мақұлдай бастауы – кәсіпкерлердің төлем қабілетінің жақсарғанын көрсетеді.
Мақұлданған өтінімдердің көбеюі несие көлемін де арттырды. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша шағын бизнеске берілген несие көлемі 14,1%-ға өсіп, 2 триллион теңгеге жетті.
Шағын бизнесті қай сала алға сүйреп отыр?
Шағын бизнесті несиелеудің негізгі драйвері – сауда саласы. Жаңа несиелердің өсімінің 88,2%-ы осы салаға тиесілі. Бұл заңды көрсеткіш, себебі еліміздегі шағын кәсіпкерлердің басым бөлігі саудамен айналысады және бұл сала халықтың сұранысына тікелей тәуелді.
Сонымен қатар, шағын бизнестің өзіне тән бір ерекшелігі бар. Олар басқа кәсіпкерлерге қарағанда ұзақ мерзімге несие алуды жөн көреді. Мәселен, шағын бизнеске берілген несиелердің 50%-ы бір жылдан астам уақытқа берілген.
Ұзақ мерзімді несиелердің көптігінен шағын бизнестің жалпы несие қоржыны жыл басынан бері 7,4%-ға өсті. Алайда, несиені уақытылы төлей алмау деңгейі де 3,4%-дан 4,1%-ға дейін сәл өскен. Мамандар бұны несие төлеу мерзімінің табиғи кезеңімен байланыстырады.
Алдағы уақытқа болжам
2026 жылдың екінші тоқсанында да шағын бизнесті несиелеу жақсы деңгейде сақталуы мүмкін. Бұған көктем-жаз айларындағы іскерлік белсенділік пен несие пайыздарының төмендеуі әсер етеді. Мысалы, жыл басында шағын бизнеске арналған орташа несие мөлшерлемесі 26,5% болса, сәуір-мамыр айларында ол 23,8–24,1%-ға дейін түскен. Бұл кәсіпкерлердің несиеге деген сұранысын қайта оятуы мүмкін.
Бұған дейін kursiv.media зерттеу жүргізіп, 2026 жылдың алғашқы төрт айында 220 мың шағын бизнесі жабылғанын анықтаған еді.