
Латын Америкасындағы Венесуэлада екі апта бұрын болған екі ірі зілзаладан қаза тапқандар саны 3811-ге жетті. Бұл туралы Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригес хабарлады.
Үкіметтің ресми мәліметінше, 25 маусымдағы жойқын жер сілкінісінен 16 740 адам жараланған. 17 907 адам үйсіз қалған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, елдің уақытша президенті Дельси Родригес Венесуэладан халықаралық санкцияларды тағы да алып тастауды сұрады. Оның айтуынша, шетелде бұғатталған активтер елді қалпына келтіруге жетер еді.
«Венесуэланың бүкіл әлемде бұғатталған ресурстары бар. Ол елді қалпына келтіруге жұмсалар еді», – деп мәлімдеген президент мемлекеттік VTV телеарнасының эфирінде.
Кейінгі жиырма жылда АҚШ, ЕО және басқа да елдер Венесуэлаға қатаң санкциялар енгізген. Әлем елдері жергілікті үкіметті демократияға қайшы әрекеттері, есірткі саудасы үшін айыптаған.
Шектеулердің көбі әлі де күшін жоғалтқан жоқ. Алайда жыл басында АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұрлап әкетіп, содан кейін Вашингтон осы елдің мұнай саласына көмек берген.
Ресми Каракас зілзаладан іс-түссіз жоғалғандар туралы мәлімет бермей отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 25 маусымда таңертең Венесуэлада екі жойқын зілзала болды. Шетелден мыңдаған құтқарушы осы елге көмектесуге барды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісінен зардап шеккен елдің халқына көңіл айтты.