Жаңалықтар

Қазақстанда тағы үш автожол ақылы болады

Фото: kursiv.media архиві

10 шілдеден бастап елдегі республикалық маңызы бар «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал» және «Бурылбайтал – Құрты» автожолдары ақылы болады. Ал 11 шілдеден бастап «Талдықорған – Өскемен» тасжолында да ақылы жүйе енгізіледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал» және «Бурылбайтал – Құрты» учаскелерінде рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық сағатына 140 шақырымнан аспайды. Аталған жолдардың ұзындығы тиісінше 645,6 шақырым және 80 шақырымды құрайды.

Ал «Талдықорған – Өскемен» автожолындағы ақылы учаскенің жалпы ұзындығы 773 шақырымға жуық. Оның ішінде 32,4 шақырымы – I санаттағы, ал 740,6 шақырымы – II санаттағы жол.

I б санатындағы жол бөлігінде рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық сағатына 110 шақырым, ал II санаттағы бөлікте сағатына 100 шақырымнан аспайды.

Сондай-ақ 10 шілдеден бастап елдегі төрт ақылы автожолда орташа жылдамдық бақыланады. Бұл жол апатын азайтып, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттырады.