Авто

Chevrolet Suburban: UzAuto Motors жаңа жол талғамайтын көлікті таныстырды

UzAuto Motors Өзбекстанда жаңа Chevrolet Suburban моделін таныстырды / Фото: UzAuto Motors

Өзбекстанның UzAuto Motors компаниясы жергілікті нарыққа арналған толық жетекті Chevrolet Suburban жол талғамайтын көлігін таныстырды. Көлік әзірге тек High Country деп аталатын бір ғана жинақтамада ұсынылады. Бағасы шамамен 1,5 млрд сум (58 млн теңге) деп белгіленген..

Chevrolet Suburban High Country 420 ат күшіне дейін қуат өндіретін 6,2 литрлік атмосфералық V8 бензин қозғалтқышымен жабдықталған. Қозғалтқыш 10 сатылы автоматты беріліс қорабымен және толық жетекті жүйемен жұмыс істейді.

Жол талғамайтын көлік бейімделетін пневматикалық аспамен жабдықталған. Сонымен қатар автомобильде ESC, TCS, EBD қауіпсіздік жүйелері, жаяу жүргіншілерді анықтау, автоматты тежеу, жолақта ұстап тұру және көрінбейтін аймақтарды бақылау жүйелері қарастырылған.

Фото: UzAuto Motors

UzAuto Motors мәліметінше, Chevrolet Suburban High Country моделі Chevrolet Tahoe көлігінің басты артықшылықтарын сақтап қалған. Олардың қатарында қуатты қозғалтқыш, сенімді динамика және заманауи қауіпсіздік технологиялары бар.

«Сонымен қатар жаңа модель әлдеқайда көп мүмкіндік ұсынады. Ұзартылған доңғалақ базасы мен кең салон отбасы, жолаушылар және жүк үшін көбірек орын қажет ететіндерге Chevrolet Suburban көлігін қолайлы таңдау етеді», – делінген UzAuto Motors хабарламасында.

Көлік салонында 17,7 дюймдік мультимедиа экраны және 11 дюймдік аспаптар панелі орнатылған.

Фото: UzAuto Motors

Көліктің өлшемдеріне келсек, оның ұзындығы – 5748 мм, ені – 2058 мм, биіктігі – 1934 мм, ал доңғалақ базасы – 3407 мм.

Компания мәліметінше, үлкен габариттердің арқасында Chevrolet Suburban 7 адамға арналған кең салон және сыйымды багаж бөлімімен ерекшеленеді.

Өзбекстанның автокөлік нарығы әлемдегі ең ерекше нарықтардың біріне айналды. 2025 жылы бұл елде 433 мың көлік сатылған, бұл көрсеткішті Бельгия мен Нидерланды деңгейімен салыстыруға болады.