
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Аршалы ауданының тұрғыны Г.-ға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу ісін қарады. Ер адам есі дұрыс емес күйде төрт адамды қатыгездікпен өлтірген деп танылды.
Оқиға қалай болды?
Қайғылы жағдай 2026 жылдың наурыз айында болған. «Параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұратын Г. анасының үйінде жиенімен телефонға байланысты ұрсысып қалған. Жиені полиция шақырғанымен, кейін отбасы жанжалды өздері шешіп, тәртіп сақшыларын қайтарып жіберген.
Алайда полиция кеткен соң ашуға мінген Г. ас үй балта-пышағын алып, үйдегілерге шабуыл жасаған. Ол өз анасын, жиенін және қонақта отырған екі қарт адамды аяусыз соққыға жыққан. Алған жарақаттары салдарынан төрт адам да (үшеуі зейнеткер) оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Сот шешімі
Айыпталушының бұған дейін де сотты болғаны және психиатриялық ауруханада емделгені анықталды. Арнайы сараптама оның қылмыс кезінде де, қазір де өз әрекетіне жауап бере алмайтын халде (есі дұрыс емес) болғанын растады.
Г. жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауаптан босатылып, қарқынды бақылау жасалатын мамандандырылған психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.
Сот актісі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Атыраудағы қылмыс
2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.
Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды.