Жаңалықтар

Астанада қоқыс полигоны өртеніп жатыр

Полигондағы өртті сөндіру қиынға түсті / фото: shutterstock

Астана қаласының Байқоңыр ауданындағы Алаш тас жолы бойында орналасқан қоқыс полигоны кешеден бері өртеніп жатыр. Оны сөндіруге жүз шақты өрт сөндіруші жұмылдырылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі полигондағы өртті сөндіру қиынға түскені туралы хабарлады.

«Өртті сөндіру жұмыстары қою түтін мен қатты тұрмыстық қалдықтардың жану ерекшеліктеріне байланысты қиындады. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сөндіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деп таратты министрлік.

Өртенген қоқысты сөндіруге 100-ге жуық жеке құрам мен 47 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Жұма, 10 шілде күні таңертең өрттің оқшауланғаны немесе сөндірілгені туралы ақпарат жарияланған жоқ.

9 шілдеде Баянауыл ұлттық паркі өртеніп, оны сөндіруге тікұшақ пайдаланылған.