
Қазақстандық танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің айналасындағы соңғы оқиғалар спортсүйер қауымды алаңдатып отыр. Спортшының қамауға алынуына байланысты оның менеджері Зия Әлиев пікір білдірді.
Спорттық жоспарлар кейінге шегерілді
Менеджердің сөзіне қарағанда, Данияр Елеусінов жуық арада АҚШ-тың Майами қаласына ұшып келіп, келесі жекпе-жегіне қызу дайындықты бастауы керек болған. Тамыз айында ол танымал промоутер Дана Уайттың Zuffa Boxing компаниясы ұйымдастыратын турнирде алғаш рет шаршы алаңға шығуды жоспарлаған еді.
«Біз оның Майамиге жақын арада ұшып келуін күтіп отырдық… Жалпы, осы ұйымдағы дебюті түрлі себептерге байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді. Ең бастысы, ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл жағдайды өзімен міндетті түрде талқылаймыз», – деді Зия Әлиев.
Отбасылық мәселелер
Зия Әлиев боксшының соңғы уақытта жеке өмірінде үлкен қиындықтарды бастан өткеріп жатқанын және бұл оның психологиялық жағдайына тікелей әсер еткенін жасырмады. Менеджердің айтуынша, Данияр қыс мезгілінде де ауыр күйзелісті бастан өткерген.
Жетекшінің пікірінше, отбасындағы мәселелер спортшының басқа дүниеге, соның ішінде спортқа толық көңіл бөлуіне мүмкіндік бермей отыр.
«Біз одан теріс айналмаймыз. Бұл – өмір. Әркімнің әлсіз тұсы болады. Даниярдың әлсіз жері – отбасы», – деп түйіндеді өз сөзін Зия Әлиев.
Еске сала кетейік, 9 шілде күні Данияр Елеусінов мас болып көлік айдағаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 күнге қамалды.