Жаңалықтар

Филиппинде 15 адамның өмірін қиды: Қытай, Тайвань және Жапония тайфунға дайындалуда

Филиппин тайфун табиғат апаты
Қытай, Тайвань және Жапония тайфунға дайындалуда / фото: REUTERS/Eloisa Lopez

Филиппиннің Минданао аралы көшкін салдарынан кем дегенде 15 адам қаза тауып, тағы алты адам хабар-ошарсыз кетті, деп хабарлайды ВВС.

Топырақ құлау түні бойы созылған нөсер жаңбырдан кейін орын алды, ал жаңбыр «Бави» тайфунының әсерінен күшейе түскен. Тайфун Филиппинге тікелей соққы берген жоқ: ол архипелагтың шығысынан өтіп, Минданаоға қатты жаңбыр әкелген оңтүстік-батыс муссонын күшейтті. Болжамдар бойынша, нөсер жаңбыр аптаның соңына дейін тоқтамайды.

Тайфунның ені 1000 шақырымға жетеді. Қазір ол Тынық мұхиты арқылы Тайвань бағытына қарай жылжып барады. Жергілікті метеорологиялық қызмет бұл тайфунды 1987 жылдан бері аралға жақындаған көлемі жағынан ең ірі тайфун деп атады.

Тайваньның кейбір аудандарында бір метрге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін (1 миллиметр жауын-шашын – бұл 1 шаршы метр аумаққа түскен 1 литр су). 2000-нан астам тұрғын эвакуацияланды, 29 мыңға жуық әскери қызметші құтқару жұмыстарына қатысу үшін дайындыққа келтірілді. Өңірде мектептердегі сабақтар мен жүздеген авиарейстер тоқтатылды.

Жапонияда Japan Airlines компаниясы 10 және 11 шілдеге жоспарланған 100-ден астам рейсті, ал All Nippon Airways – аптаның соңына дейін 160-тан астам рейсті тоқтатты.

11 шілде күні кешке «Бави» тайфуны Қытайдың Фуцзянь және Чжэцзян провинцияларының шекарасы маңындағы жағалауға жетеді деп күтілуде. Соңғы аталған провинцияда 17 мың адам эвакуацияланды, 170 мың құтқарушы дайындыққа келтірілді. Фуцзянь провинциясында паром қатынасы уақытша тоқтатылып, балық аулау кемелеріне порттарға қайтуға бұйрық берілді.