
Әлем чемпионатының ширек финалы аясында футболсүйер қауым тағы бір супер-матчтың куәсі болмақ. 11 шілдеден 12 шілдеге қараған түні сағат 00:00-де Испания мен Бельгия құрамалары жартылай финалдың жолдамасы үшін таласады.
Тікелей трансляцияны Qazsport телеарнасынан көруге болады.
Испания әлі гол жіберген жоқ
Испандықтар үшін бұл кезеңнің психологиялық маңызы зор. Олар 1/8 финалда Португалия құрамасын 1:0 есебімен қапы қалдырып, 2010 жылдан бері алғаш рет ширек финалға шығып отыр. Естеріңізде болса: 2014 жылы – топтан шыға алмады. 2018 жылы – Ресейден, ал 2022 жылы Мароккодан дәл осы 1/8 финалда ұтылып қалған еді.
Қазіргі таңда Испания қорғанысы мінсіз. Олар осы біріншілікте қатарынан 6 матч бойы өз қақпаларына бірде-бір гол жіберген жоқ.
Бельгияның әлеуеті қандай?
Бельгия құрамасы 1/8 финалда АҚШ-ты 4:1 есебімен талқандап, өз тарихында төртінші рет әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды. Өткен дүниежүзілік додада топтық кезеңнен аса алмаған ұжым бұл жолы басқа деңгейде өнер көрсетіп жүр. Бұған дейін бельгиялықтар: 2014 жылы – 1/4 финалға жеткен, ал 2018 жылы – қола жүлдені иеленген болатын.
Айта кетейік, бұл жұптың жеңімпазы жартылай финалда турнирдің басты фавориттерінің бірі – Франциямен кездеседі.