Жаңалықтар

Иранның жаңа көсемі Мұжтаба Хаменеи әкесі мен әйелінің жаназасына қатыспады

Иранның жоғарғы көсемі Мұжтаба Хаменеи
Иранның қазіргі басшысы Мұжтаба Хаменеи билікке келгелі халық алдына шықпады / фото: Mehdi Ghasemi/ISNA/WANA via REUTERS

9 шілдеде Иранның бұрынғы жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи мен оның төрт туысы жерленді. Алайда елдің қазіргі көсемі Мұжтаба Хаменеи әкесі мен әйелінің жаназасына қатысқан жоқ.

Иран билігінің мәліметінше, миллиондаған тұрғын бейсенбі күні Хаменеи әулетінің бес мүшесін ақтық сапарға шығарып салды. Елді 37 жылға жуық уақыт басқарған бұрынғы жоғарғы көсем аятолла Әли Хаменеи, оның қызы Бошра Хаменеи, 14 айлық немересі Захра Мохаммади Голпаеғани (Бошраның қызы), келіні Захра Хаддад Адель (қазіргі жоғарғы көсем Мұжтабаның әйелі), күйеу баласы Мисбах әл-Хода Багери-Кани Мәшһәд қаласындағы Имам Реза кесенесі аумағына жерленді. Үлкен мешіт маңына, Reuters мәліметінше, жүздеген мың адам жиналды.

Ықпалды әулеттің бес мүшесі 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Тегеранда орналасқан резиденцияға жасаған соққысынан қаза тапқан.

Иранның бұрынғы жоғарғы көсемі Әли Хаменеиді жерлеу рәсімі
Хаменеи әулетінің бес мүшесі жатқан табыттар / фото: Majid Asgaripour/WANA via REUTERS

Жаназаға Иранның қазіргі жоғарғы көсемі, аятолла Әлидің ұлы, Захраның күйеуі Мұжтаба Хаменеи қатысқан жоқ. Мәліметтерге қарағанда, елдің жаңа басшысы да 28 ақпандағы әуе соққысынан қатты жараланған болуы мүмкін.

Әли Хаменеидің төрт ұл, екі қызы бар. Марқұмның үлкен ұлы Мұстафа Хаменеи Мәшһәд қаласындағы қоштасу рәсімінде табыт алдында тұрып, дұға мен жаназа намазын өзі бастап жүргізді. Оның қасында екі інісі Масуд пен Мейсам тұрды. Ағайынды үшеу Тегеран, Құм, сонымен бірге Ирактағы Наджаф пен Кербела қалаларындағы шерулерде бірге жүрді. Алайда бір аптаға созылған қоштасу рәсімінде Хаменеи отбасындағы екінші ұл – Мұжтаба көрінбеді.

Сарапшылар елдің жаңа басшысының билікке келгелі бері елдің алдына шықпауы, әкесі мен әйелінің жаназасына қатыспауы саяси дағдарысқа ұласып, ел ішінде іріткі тудыруы мүмкін деп топшылайды. Қазірдің өзінде, CNN мәліметінше, қаралы шерулер кезінде Иран президенті Масуд Пезешкиан мен сыртқы істер министрі Аббас Арагчиге наразы топтар тас пен шөлмек лақтырған. Радикал ұйымдардың өкілдері АҚШ-пен уақытша бітім туралы келіссөз жүргізген шенеуніктерді «ұятсыздар мен сатқындар» деп айыптап, олардың биліктен кетуін талап еткен.

Дегенмен Вашингтон мен Тегеран арасындағы уақытша келісім нәтиже бермеді: 8 шілдеде АҚШ пен Иран арасындағы әскери текетірес қайта басталды. Құрама Штаттар Иранның маңызды әскери нысандарын көздесе, парсы елі бұған жауап ретінде Кувейт, Бахрейн, Катар және Иордания аумағында орналасқан америкалық базаларға соққы жасады. Таяу Шығыста лаулаған осы соғыстың қашан әрі қалай аяқталатыны әзірге белгісіз.