Жаңалықтар

Израиль Иранға тағы да соққы жасауға дайын екенін мәлімдеді

Израиль Иранға тағы да соққы жасауға дайын екенін мәлімдеді / Фото: Shutterstock

Тель-Авив жаңа қауіп-қатерлер пайда болған жағдайда армияның Иранға қарсы әскери операцияны қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді.

Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац қауіпсіздікке төнген қатерлерді жою үшін қажет болған жағдайда ел армиясы Иран аумағына тағы да соққы беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол бейсенбі күні әскери рәсім барысында айтты.

«Әуедегі үстемдікті қайтадан қолға алу және қауіп-қатерлерді жою үшін Иранға соққы беру мақсатында армия әскери қимылдарды қайта бастауға дайын, қажет болса, тіпті үшінші рет те соққы жасайды. Егер бізге қайта оралуға тура келсе, біз бұдан да үлкен күшпен ораламыз», – деді Кац.

Осы рәсімде сөз сөйлеген Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху алдыңғы екі әскери науқанның нәтижесінде Иранның айтарлықтай әлсірегенін мәлімдеді.

«Иран осі бүгінде бұрын-соңды болмағандай әлсіз, ал Израиль бұрынғыдан да күшті. Біз Израиль Әскери-әуе күштерінің Йеменнен Иранға дейінгі кез келген нүктеге жете алатынын дәлелдедік. Дегенмен, бұл науқанның әлі аяқталмағанын мойындау керек», – деді Израиль премьер-министрі.

Израиль басшылығының бұл мәлімдемелері АҚШ пен Иран арасындағы жаңа шиеленіс аясында айтылды.

Айта кетейік, 9 шілдеде Иран АҚШ-тың Кувейт, Бахрейн, Қатар және Иорданиядағы базаларына соққы жасағаны туралы жазған едік.