Экономика

Мұнай арзандаса да, ҚМГ акциялары рекордқа жақындады

КМГ, ҚазМұнайГаз-дың акциялары өсті / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы
ҚазМұнайГаз-дың акциялары өсті / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан жоғары деңгейде саудаланып жатыр. Компанияның қор нарығындағы капитализациясы 20,9 трлн теңгеге немесе шамамен 44,7 млрд долларға жетті.

KASE дерегінше, 9 шілдедегі саудада ҚМГ-ның бір акциясы 34 270 теңге болды. Күн ішінде 10:35-те баға 34 200–34 370 теңге аралығында өзгерген.

Бұл көрсеткіш компания акциясының кейінгі 52 аптадағы ең жоғары бағасына өте жақын. ҚМГ қағаздарының аталған кезеңдегі максимумы 35 920 теңге болған. Қазіргі баға одан шамамен 4,6% ғана төмен.

Фото: KASE / ҚМГ акция бағасы

ҚМГ-ның нарықтық құны 45 млрд долларға жақындады

Компанияның айналымдағы акцияларының жалпы саны – 610 119 493 дана. Бұл көрсеткішті 34 270 теңгелік соңғы бағамен есептегенде, ҚМГ-ның нарықтық капитализациясы шамамен 20,9 трлн теңгені құрайды.

Ұлттық банктің 9 шілдедегі бір доллар үшін 467,41 теңге бағамын қолдансақ, компанияның нарықтық құны 44,7 млрд долларға жетеді. Яғни ҚМГ капитализациясы 45 млрд доллар межесіне барынша жақындаған.

IPO-ға қатысқан инвесторлардың табысы төрт есеге жуықтады

ҚМГ акциялары 2022 жылғы желтоқсанда IPO кезінде 8 406 теңгеден ұсынылған еді. Ол кезде компанияның нарықтық құны шамамен 5,1 трлн теңге немесе 11 млрд доллар болған.

Содан бері акция бағасы 34 270 теңгеге дейін көтерілді. Бұл IPO бағасынан шамамен 308% жоғары. Басқаша айтқанда, дивидендтерді есептемегеннің өзінде, акция құны төрт еседен астам өсті.

IPO кезінде ҚМГ акциясына 1 млн теңге салған инвестордың пакетінің нарықтық құны қазір шамамен 4,08 млн теңге болар еді. Бұған осы кезеңде төленген дивидендтер кірмейді.

Тағы да оқыңыз: Қазақ мұнайы Brent-тен сәл ғана төмен: дисконт дәуірі аяқтала ма?