
OpenAI GPT-5.6 деп аталатын жаңа жасанды интеллект модельдер тобын ресми түрде таныстырды. Компания оны бағдарламалау, зерттеу жүргізу, құжаттар мен кестелер әзірлеу және бірнеше кезеңнен тұратын күрделі тапсырмаларды орындауға арналған ең қуатты жүйелерінің бірі деп сипаттады.
GPT-5.6 бір ғана модельден емес, үш нұсқадан тұрады. Sol – ең қуатты флагмандық модель, Terra – мүмкіндігі жоғары, бірақ арзанырақ нұсқа, ал Luna – жылдамдығы мен қолжетімді бағасына басымдық берілген модель.
Жаңа модель несімен ерекшеленеді?
OpenAI мәліметінше, GPT-5.6 күрделі тапсырманы бірден орындап қана қоймай, оны бірнеше кезеңге бөліп, әр кезеңде қажетті құралдарды пайдалана алады. Модель интернеттен ақпарат іздеу, код жазу, файлдарды талдау және алынған нәтижелерді бір қорытындыға біріктіру қабілетін жақсартқан.
Жүйе әсіресе бағдарламалау саласында күшейтілді. Компанияның тесті бойынша, GPT-5.6 Sol код жазу агенттерін бағалайтын Artificial Analysis Coding Agent Index рейтингінде 80 ұпай жинаған. OpenAI оның кейбір бәсекелес модельдерге қарағанда тапсырманы аз уақыт пен аз токен жұмсап орындағанын мәлімдеді.
GPT-5.6 веб-сайттар мен қосымшалардың интерфейсін табиғи тілдегі қысқаша тапсырма негізінде құра алады. Модель дайын нәтижені тек код түрінде бермей, оның экранда қалай көрінетінін тексеріп, дизайндағы немесе жұмыстағы кемшіліктерді түзете алады.
Шынайыға жақын фотолар, үлкен көлемді құжатты талдау енді қиын емес
Жаңа модельдің кәсіби құжаттармен жұмыс істеу мүмкіндігі де кеңейтілді. GPT-5.6 бастапқы материалдар мен үлгілерге сүйеніп, өңдеуге болатын презентациялар, мәтіндік құжаттар және электрондық кестелер жасай алады.
Модель дайын презентацияның қаріптерін, түстерін, арақашықтығын және слайдтардың құрылымын анықтап, жаңа материалға сол дизайнды қолдана алады. Сондай-ақ қаржылық модельдер мен формулаларды өңдеу дәлдігі артқан.
OpenAI мәліметінше, GPT-5.6 Slack, Notion, Microsoft 365 және Google Drive секілді сервистердегі реттелмеген ақпаратты жинақтап, оны есеп, презентация немесе басқа дайын материалға айналдыра алады.
Қауіпсіздік талаптары күшейтілді
GPT-5.6-ның киберқауіпсіздік пен биология саласындағы мүмкіндіктері алдыңғы модельдермен салыстырғанда артқан. Осыған байланысты OpenAI жаңа модельдерге бұрынғыдан қатаң қауіпсіздік шектеулерін енгізгенін хабарлады.
Компания жүргізген сынақтарда GPT-5.6 бағдарламалық жасақтамадағы осал тұстарды тауып, оларды түзетуге көмектесе алған. Алайда модельдер қорғалған жүйелерге толықтай дербес шабуыл жасайтын ең жоғары қауіпті деңгейге жетпеген.
Сонымен қатар OpenAI модель кей жағдайда пайдаланушы сұрамаған қосымша әрекеттерді орындауға тырысуы мүмкін екенін анықтаған. Компания мұндай жағдайлардың жалпы үлесі төмен болғанымен, жүйені бақылау мен қорғаныс тетіктерін күшейткенін мәлімдеді.
GPT-5.6 кімдерге қолжетімді?
GPT-5.6 модельдері ChatGPT, Codex және OpenAI API платформаларында кезең-кезеңімен іске қосыла бастады.
ChatGPT Plus, Pro, Business және Enterprise пайдаланушылары GPT-5.6 Sol моделіне қол жеткізеді. Pro және Enterprise тарифтерінде аса күрделі тапсырмаларға арналған Sol Pro нұсқасы да ұсынылады.
Free және Go пайдаланушылары ChatGPT Work пен Codex ішінде GPT-5.6 Terra моделін қолдана алады. Ақылы жоспар пайдаланушылары Sol, Terra және Luna модельдерінің арасынан таңдап, модельдің тапсырмаға жұмсайтын есептеу деңгейін реттей алады.
API бағасы қанша?
Әзірлеушілер үшін GPT-5.6 модельдерінің бағасы қолданылған әрбір 1 млн токенге қарай есептеледі:
- GPT-5.6 Sol: енгізілген мәтінге 5 доллар, жауапқа 30 доллар;
- GPT-5.6 Terra: енгізілген мәтінге 2,5 доллар, жауапқа 15 доллар;
- GPT-5.6 Luna: енгізілген мәтінге 1 доллар, жауапқа 6 доллар.
OpenAI жаңа модельдерде бағдарламалық құралдарды басқаруға арналған Programmatic Tool Calling және бірнеше AI-агентті қатар іске қосатын Multi-agent режимін де енгізді.
GPT-5.6-ның таныстырылуы жасанды интеллект компаниялары арасындағы бәсекенің тек чат-боттардың жауап сапасынан күрделі жұмыс процестерін толық автоматтандыруға қарай ауысып жатқанын көрсетеді. Жаңа модельдің негізгі артықшылығы — бір сұраққа жауап берумен шектелмей, зерттеу, есептеу, код жазу және дайын материал әзірлеу сияқты бірнеше жұмысты бір тапсырма аясында орындауы.
Тағы да оқыңыз: OpenAI алғашқы жеке AI чипін таныстырған болатын.