Жаңалықтар

Қазақстанда балмұздақ өндірісі артып экспорт көлемі де ұлғайып келеді

Қазақстанда 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілді
Қазақстанда 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілді / фото: shutterstock

Қазақстанда балмұздақ өндірісі айтарлықтай дамып жатыр. Шетелге өнім жеткізу көлемі де едәуір өсіп келеді. 2026 жылдың алғашқы бес айында отандық кәсіпорындар 35,1 мың тонна балмұздақ шығарды. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 63,2 мың тонна балмұздақ өндірілген.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, балмұздақтың көбі Алматы облысында өндірілген. Мұнда 23,3 мың тонна балмұздақ дайындалған. Бұл елдегі жалпы көлемнің үштен екі бөлігі (66,3%). Сондай-ақ ірі өндірушілер қатарына Түркістан облысы (6 мың тонна), Алматы қаласы (1,3 мың тонна) және Ақмола облысы (1,1 мың тонна) бар.

Қазақстанда балмұздақтың классикалық түрлері көптеп шығарылады. Оның ішінде 15,2 мың тонна кілегейлі балмұздақ және 14,3 мың тонна пломбир өндірілген. Қос өнімнің үлесі жалпы өндірістің 80%-дан астамын құрап отыр.

Балмұздақ экспорты да өсім көрсетіп отыр

Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында экспорт көлемі 24,8 млн долларға бағаланып, 6,4 мың тоннаны құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеткізілім көлемі 46,4%-ға, ал ақшалай эквивалентте 77%-ға өскен.

Қазақстан балмұздақ саудасында нетто-экспорттаушы мәртебесіне сақтап тұр. Төрт айдың қорытындысы бойынша сыртқа шығарылған балмұздақ көлемі импорттан 2,9 мың тоннаға асып түсті.

Отандық өнімнің негізгі сатып алушысы – Ресей. Онда 4,3 мың тонна балмұздақ жөнелтілген. Бұдан бөлек, Қырғызстанға (68,4%-ға) және Өзбекстанға (27,7%-ға) жасалған экспорт деңгейі айтарлықтай өсті. Жалпы алғанда, экспорттың барлық дерлік бөлігі (99,9%) ТМД елдеріне тиесілі.

Дәл осы кезеңде елімізге 12,9 млн доллар болатын 3,4 мың тонна балмұздақ импортталды. Негізгі импорттаушы елдердің қатарында Ресей (1,5 мың тонна), Қырғызстан (1,4 мың тонна), Өзбекстан және Түркия бар.