
Finprom.kz сарапшыларының есептеуінше, қолма-қол ақшасыз есеп айырысудағы QR-төлемдердің үлесі 12,5%-дан бірден 87,6%-ға дейін артқан. Ал ақшалай эквивалентте төлем көлемі 159 есе өсіп, тек 2026 жылдың бес айында 73,5 трлн теңгеге жетті. Осыдан он жыл бұрын бұл көрсеткіш 462,1 млрд теңгені құраған.
Банктердің басты қаруы
Осы уақыт ішінде еліміздегі ірі банктер QR-төлемдердің төңірегінде тұтас бизнес бағыттарын құрып үлгерді. Бұл жерде әңгіме тек эквайринг (төлемдерді қабылдау) туралы ғана емес.
QR-кодтар банктер үшін жаңа тұтынушыларды тартудың ең бірінші әрі басты қадамына айналды.
«Біздің QR кез келген дүкенде тұр» деген қарапайым ғана уәж арқылы олар клиенттерді өзіне баурап, содан кейін өзге де аралас сервис пен қызмет түрлеріне оңай қоса алды. Нәтижесінде, бірді-екілі ірі ойыншы нарықта айтарлықтай үстемдік орнатқан.
Алайда қалыптасқан бұл жүйе жақын күндері үлкен өзгеріске ұшырамақ. 19 шілдеден Ұлттық төлем корпорациясының бірыңғай төлем QR-коды енгізіледі. Бұл қадам нарықтағы ірі банктердің монополиясын жоюы мүмкін.