Экономика

Ресейдегі жанармай тапшылығы Орталық Азия мен Қазақстанға қалай әсер етеді

Ресейдегі жанармай дағдарысы көрші елдерге қалай әсер етеді? / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Ресейдегі мұнай өнімдері тапшылығы бір елдің ішкі мәселесі болып қалмай, бүкіл Орталық Азияның жанармай нарығына қысым түсіруі мүмкін. Өңір елдері Ресейден келетін бензин, дизель және авиакеросинге әртүрлі деңгейде тәуелді. Сондықтан ресейлік мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы баяуласа немесе Мәскеу экспортқа қосымша шектеу енгізсе, Орталық Азия елдері балама жеткізушілердің бірдей көлемдері үшін бәсекеге түседі, деп есептейді Teniz Capital сарапшылары.

Қазақстан астығына жаңа мүмкіндік ашылуы мүмкін

Ресейдегі қымбат дизель мен логистикалық шығындар ресейлік бидайдың өзіндік құнын арттырады. Соның нәтижесінде Қазақстан бидайының Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан нарықтарындағы бәсекелік позициясы жақсаруы мүмкін.

Teniz Capital авторлары әлемдік бидай бағасы тоннасына 250–256 долларға көтерілсе, Қазақстан 8 млн тонна бидай экспортынан қосымша 76–124 млн доллар жалпы түсім алуы ықтимал деп есептейді. Дегенмен бұл пайданы қымбат дизель, теміржол тарифтері, вагон тапшылығы және өткізу бағыттарының шектеулі мүмкіндігі азайтуы мүмкін.

Әсіресе Қытай, Өзбекстан және Ауғанстан бағыттарындағы теміржол желісіне түсетін жүктеме артады. Ал шағын шаруашылықтар үшін астықты егістіктен элеваторға жеткізу құны әлемдік бағаның өсуінен де маңызды факторға айналуы мүмкін.

Өзбекстандағы тапшылық Қазақстанға қосымша сұраныс әкеледі

Өзбекстан бензин нарығының жартысына жуығын импорт есебінен қамтамасыз етеді. Ел АИ-80 бензинінен біртіндеп бас тартып, АИ-92 және АИ-95 маркаларына көшіп жатқандықтан, импортқа тәуелділік күшейіп келеді.

Өзбекстандағы тапшылық Қазақстаннан бензин, дизель, авиакеросин, мұнай немесе мұнай өңдеуге арналған шикізат сатып алуға қосымша сұраныс туғызуы мүмкін. Бұл қазақстандық өндірушілер үшін экспорттық мүмкіндік болғанымен, егін орағы мен Павлодар зауытының жөндеуі кезінде ішкі қорды азайту қаупін күшейтеді.

Қырғызстан ең осал ел болып отыр

Қырғызстан бензинінің 90%-дан астамын Ресейден алады. Сондықтан Ресейдегі өңдеу көлемінің қысқаруы немесе экспорттық шектеулер Қырғызстан нарығына Қазақстан мен Өзбекстанға қарағанда жылдамырақ әсер етеді.

Қырғызстан балама жеткізілім үшін Қазақстанға, Беларуське, Әзербайжанға, Өзбекстанға және Түрікменстанға жүгінген. Бірақ бұл елдердің өз ішкі балансы да күрделеніп келеді. Қазақстан үшін бұл көрші елдерге отын жеткізу жөніндегі қысымды және ел аумағы арқылы өтетін транзит көлемін арттыруы мүмкін.

Инфляция мен базалық мөлшерлемеге ықпалы

Жанармайдың қымбаттауы тасымал, ауыл шаруашылығы, азық-түлік және коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына өтеді. Тыңайтқыш пен дизель бағасының өсуі 2026 жылдың төртінші тоқсанында және 2027 жылдың басында азық-түлік инфляциясын күшейтуі ықтимал.

Мұнай бағасының өсуі теңгені қолдағанымен, жанармай мен азық-түлік бағасының көтерілу қаупін толық жоймайды. Сондықтан энергетикалық дағдарыс Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені жылдам төмендету мүмкіндігін шектеуі мүмкін.

Тағы да оқыңыз: 200 шетел азаматы Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз алып шығуға тырысқан.