
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) нарықтың кәсіби қатысушылары арасында кезекті сауалнаманы жүргізіп, ел экономикасының басты макроэкономикалық көрсеткіштеріне қатысты маңызды болжамдарын жариялады. Сарапшылардың пайымынша, алдағы бір жыл ішінде доллар 520 теңгеге дейін қайта қымбаттауы мүмкін.
Сарапшылардың пайымдауынша тамыз айының басына қарай доллар бағамы 483,3 теңге деңгейінде қалыптаспақ. Алайда ұзақмерзімді яғни бір жылдық көкжиекке көз жүгіртсек, ұлттық валюта айтарлықтай әлсірейді деп болжап отыр.
Мамандардың орташа есеппен жасаған болжамы бойынша, 12 айдан кейін АҚШ валютасының құны 520,4 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Айта кетерлігі, бұған дейінгі маусым айындағы сауалнамада бұл көрсеткіш 518,9 теңге болады деп көрсетілген еді.
Демек нарық ойыншыларының теңге бағамына қатысты пессимистік көзқарасы күшейе түскен.
Базалық мөлшерлеме: Ұлттық банк шілдеде қандай шешім қабылдайды
Алдымыздағы 24 шілдеде Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті отырысы өтпек. Осы ретте сауалнамаға қатысқан респонденттердің басым бөлігі, яғни 53%-ы проинфляциялық тәуекелдердің күшеюіне байланысты бас банк мөлшерлемені қазіргі 17% деңгейінде қалдырады деп есептейді.
Ал қалған 47%-ы ставканың 16,75%-ға дейін аздап төмендеу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сонымен қатар бір жылдық мерзімдегі базалық ставка бойынша болжам бұрынғы 15,75%-дан 14,75%-ға дейін қайта қаралып төмендетілді.
Инфляция мен мұнай: баға өсімі баяулай ма
Сарапшылар алдағы уақытта да инфляцияның екі таңбалы көрсеткіште сақталатынын айтады. Дегенмен бір жылдық инфляция бойынша болжам маусым айындағы 10,6%-дан шілдеде 10,4%-ға дейін төмендеген.
Оған қоса, Қазақстан экономикасының басты табыс көзі саналатын Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы бір жылдан кейін барреліне 80 доллар деңгейінде бекиді деген болжам бар (өткен айда бұл көрсеткіш 80,9 доллар болады деп болжанған).
Мамандар Қазақстан экономикасының өсу қарқыны бойынша болжамын өткен айдағы 4,5%-дан 4,6%-ға дейін көтерді. Бұл сыртқы және ішкі факторлардың құбылмалылығына қарамастан, ел экономикасының даму әлеуеті тұрақты екенін көрсетеді.
Соңғы аптада доллар бағасы 10 теңгеге дейін арзандады. Қор биржасындағы 9 шілде күнгі саудада доллар 467 теңгеге дейін төмендеген.