Жаңалықтар

Сүлейменов теңге бағамынының нығаюына байланысты пікір білдірді

Сүлейменов теңге бағамынының нығаюына қатысты пікір білдірді
Сүлейменов теңге бағамынының нығаюына қатысты пікір білдірді / фото: kursiv.media

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының нығаюына пікірін білдіріп, оның себебін де түсіндіріп өтті.

Айтуынша, соңғы сегіз айда теңге өзінің құлдырай беретін валюта емес екендігін дәлілдеді.

«Теңге бағамына келетін болсақ, меніңше, соңғы жарты жыл ғана емес, тіпті соңғы 8 ай теңгенің тек құлдырай беретін валюта емес екенін іс жүзінде дәлелдеді. Өкінішке қарай, сарапшылар қауымдастығында да, жалпы халық арасында да „теңге тек құнсызданады, ал доллар тек өседі“ деген түсінік қалыптасып кеткен еді. Бірақ қазір өздеріңіз көріп отырғандай, Ұлттық банктің ешқандай араласуынсыз-ақ бағам нығайып жатыр«, деді Сүлеуменов.

Сүлейменовтің айтуынша, экономикамыз айтарлықтай мықты әрі тұрақты.

«Экспортымыз өсіп жатыр, ал импорт, жалпы алғанда, баяғы деңгейде қалды. Соған сәйкес, шетелдік валютаға деген сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңгерім бірқалыпты сақталып тұр, бұл өз кезегінде бағамның тұрақтылығын қамтамасыз етеді», – деді ол.

Теңге нығаюының тағы бір себебі шетелдік ірі инвесторлар мен халықаралық банктердің біздің нарыққа ақша салуы. Олар ақшасын белгілі бір елдің бағалы қағаздарына салып, табыс таба алатын алпауыт ұйымдар. Олар өз ақшасын Нигерия, Колумбия, Сингапур немесе АҚШ сияқты кез келген мемлекетке сеніп тапсыра алар еді.

Бірақ, Сүлейменовтың айтуынша, олар қай ел тиімді әрі қауіпсіз екенін есептей келе, көбіне Қазақстанды таңдады.

«Себебі олар біздің экономиканың өсіп жатқанын, еліміздің қаржылық жағдайы тұрақты екенін көріп отыр. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің бірлесіп, жүйелі жұмыс істеп жатқанына сенім білдірді. Ал олардың бізге әкелген долларын теңгеге айырбастауы — теңгенің құнын арттырып, оны нығайта түседі», – деп түсіндірді ҰБ төрағасы.

Айта кетерлігі, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қазір шетелдік инвесторлар Қазақстанның бағалы қағаздарына көп инвестиция сала бастағанын айтып отыр.