Жаңалықтар

Талапкерлер eGov арқылы білім беру гранттарына өтінім бере алады

Талапкерлер білім беру грнатына өтінімдерді eGov арқылы бере алады
Талапкерлер білім беру грнатына өтінімдерді eGov арқылы бере алады / Фото: Азаматтарға арналған үкімет

Талапкерлер енді грант конкурсына қатысу үшін өтініштерін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлады.

Биыл қызмет көрсету түрі жаңарды. Енді eGov жүйесі Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтері негізінде талапкердің конкурссыз мемлекеттік грант алған-алмағанын автоматты түрде тексереді. Егер талапкер грант иегері болса, қызмет өтініш беру кезінде бұл туралы бірден хабарлайды. Мұндай жағдайда өтінімді қайта жіберудің қажеті жоқ.

Қалған түсушілер құжаттарын жалпы тәртіппен бере алады. Егер талапкерде жеңілдік болса, өтініш толтыру кезінде сол жеңілдікті белгілейді. Жүйе оны тиісті базалар арқылы өзі тексеріп, автоматты түрде растайды

eGov.kz порталы арқылы өтініш беру жолы:

  • Порталда авторизациядан өту;
  • «Азаматтарға» – «Білім» – «Жоғары білім» бөлімін ашу;
  • «Білім беру гранттарын беру, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» қызметін таңдау;
  • «Қызметті онлайнға тапсырыс беру» батырмасын басу;
  • Міндетті өрістерді толтыру;
  • Сұранысқа қолжетімді әдістердің бірімен қол қою;
  • Жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен өтінімнің мәртебесін тексеру.

eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да өтінішті дәл осы реттілікпен жолдауға болады.

«ҰАТ» мамандары порталға салмақ түскен жағдайда пайдаланушылар электронды кезек арқылы бөлінетінін ескертті. Жүйеге кіргеннен кейін, кезек жеткен сәтте қызмет автоматты түрде ашылады. Күту барысында браузер бетін жаппау немесе жаңартпау (обновить етпеу) ұсынылады, әйтпесе кезек жоғалып кетеді.

Кезекті қолмен бақылап отырмау үшін пайдаланушылар келесі мүмкіндіктерді пайдалана алады:

  • «Кезек жақындағанда маған SMS арқылы хабарлау» функциясын қосу;
  • Мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне 1414 қызметінен хабарлама алу;
  • Егер нөмір базада жоқ болса, телефон нөмірін қолмен көрсету.

Өтініш сәтті жолданғаннан кейін талапкердің eGov.kz-тегі жеке кабинетіне конкурсқа қатысқаны туралы электронды анықтама келеді.

Айта кетейік, құжаттарды қабылдау 13 шілдеде сағат 9.00-де басталып 20 шілде сағат 18.00-ге дейін жалғасады.

Конкурс қорытындысы бойынша грант иегерлеріне тиісті сертификат жеке кабинетке 10 тамызға дейін жіберіледі.