
Астанада қаланың жаңа дизайн-кодының жобасы таныстырылды. Құжатта ғимараттардың қасбеттеріне, балкондарға, кондиционерлерді орналастыруға және қаланың сәулеттік келбетіне қатысты жаңа талаптар көзделген.
Жобаға сәйкес, ғимараттардың сыртқы келбетін, қасбеттерді, балкондарды, кондиционерлерді орналастыруды және қалалық ортаны безендіруді реттейтін бірыңғай талаптар енгізу ұсынылады.
Кондиционерлерді қай жерге орнатуға болады
Жобадағы ең маңызды өзгерістердің бірі – кондиционерлердің сыртқы блоктарына қатысты.
Егер құжат қабылданса, магистральдық көшелерге, алаңдарға, жаяу жүргіншілер аймақтарына және басқа да қоғамдық кеңістіктерге қараған ғимараттардың қасбеттеріне кондиционердің сыртқы блогын ашық орнатуға тыйым салынады.
Жаңа талаптарға сәйкес, кондиционердің сыртқы блогын мына жерлерге:
- аулаға қараған жағына;
- шатырға;
- арнайы техникалық қуыстарға;
- сәндік қаптамаларға немесе қорғаныш экрандарына ғана орнатуға рұқсат етіледі
Сондай-ақ кондиционерден аққан суды тротуарға, ғимараттың кіреберісіне немесе қасбетіне ағызуға болмайды.
Балкондар бірыңғай үлгіде рәсімделуі мүмкін
Жаңа талаптар ғимараттарды қайта жаңғырту жұмыстарына да қатысты болады.
Қасбеттерді жөндеу немесе жаңарту кезінде меншік иелері бірыңғай сәулеттік шешімді сақтауға міндеттеледі.
Жобаға сәйкес, мына элементтер бірыңғай талапқа сай болуы керек:
- қасбетті әйнектеу;
- терезе жақтауларының түсі;
- терезелердің пішіні;
- терезе торларының өрнегі;
- балкондар мен лоджиялардың безендірілуі;
- терезе ойықтарының сыртқы әрлеуі.
Ғимараттар төрт санатқа бөлінеді
Жобаға сәйкес, ғимараттар төрт санатқа бөлінеді:
«А» санаты – әкімшілік ғимараттар, мектептер, ауруханалар, мәдениет мекемелері және магистральдық көшелер бойындағы тұрғын үйлер. Бұл нысандарға ең қатаң талаптар қойылады.
«Б» санаты – тұрғын үй кешендері, бизнес орталықтары, сауда нысандары мен қонақүйлер.
«В» санаты – аз қабатты тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар.
«Г» санаты – уақытша құрылыстар мен павильондар.
Аталған құжат «Елорданың мәртебесі туралы» жаңа Конституциялық заң күшіне енгеннен кейін әзірленген.
Жоба бекітілген жағдайда дизайн-код қаланың сәулеттік келбетін, қасбеттерді безендіруді, жарнаманы, жарықтандыруды және қалалық ортаның басқа да элементтерін рәсімдеуге қойылатын міндетті талаптар жиынтығына айналады.