
Apple компаниясы OpenAI-ға және өзінің екі бұрынғы қызметкеріне қарсы сотқа арыз түсірді. Оларды коммерциялық құпияны заңсыз пайдаланды деп айыптап отыр деп хабарлайды Reuters.
Apple-дің пайымдауынша, OpenAI компаниясы олардың бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа қабылдап құпия ақпараттарды қолға түсірудің жүйелі схемасын құрған. Техно алпауыттың ойынша, бұл құпия ақпарат OpenAI компаниясына жаңа гаджеттер шығарып, нарықта алға жылжу үшін керек болған. Осы іс бойынша сотқа тартылғандардың қатарында OpenAI Foundation, OpenAI Group PBC ұйымдары және олар сатып алған io Products компаниясы бар.
Сондай-ақ айыпталушылар тізімінде Apple-дің бұрынғы аға инженері Чанг Лю мен iPhone және Apple Watch дизайнын жасаған бұрынғы вице-президенті Танг Ю Тан жүр. Аталған тараптар бұл жағдайға қатысты журналистерге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Apple-дің мәлімдеуінше, Лю жұмыстан кеткен соң қызметтік ноутбугін қайтармаған, кейін жүйенің осал тұсын пайдаланып, компанияның ішкі желісіне кірген. Ол жерден құрылғыларды әзірлеуге қатысты ондаған құпия файлды жүктеп алған. Ал Танға қатысты айыптауда оның жұмыстан кетпей тұрып Apple жеткізушілері туралы мәліметтер мен ішкі салалық шолуларды өз поштасына жіберіп алғаны және бұл ақпаратты OpenAI мүддесі үшін пайдаланғаны айтылады. Танның LinkedIn желісіндегі профиліне сүйенсек, ол Apple-дегі 24 жылдық еңбек жолының басым бөлігін iPhone әзірлеуге арнаған.
Apple қазір OpenAI-да 400-ден астам бұрынғы қызметкері жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Компания мамандардың бәсекелес корпорацияға ауысуы заңға қайшы емес екенін, бірақ коммерциялық құпияны білетін адамдардың ол мәліметтерді жаңа өнімдер жасау үшін пайдалануға құқығы жоқ екенін алға тартады.
OpenAI бұл айыптауларды жоққа шығарды. Компания өз мәлімдемесінде бәсекелестердің коммерциялық құпияларына қызықпайтынын және тек өз технологияларын жасаумен айналысатынын жеткізді.