
11-12 шілдеде елордада өтетін мәдени және спорттық шаралар көп. Тұрғындар мен қала қонақтары ауқымды қымыз фестивалін тамашалап, театр премьералары мен рок концертін тамашалай алады. Сондай-ақ бағдарламада футбол матчы мен сиқыршылар шоуы бар.
Қымыз, жылқы және ұлттық дәстүр
Демалыс күндерінің басты оқиғаларының бірі «Қазанат» ипподромында 11 және 12 шілде күндері сағат 09:00-де басталатын BaiQymyz гастрономиялық фестивалі болмақ.
Қонақтар қымыз дайындау дәстүрімен танысып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген өндірушілердің өнімдерінен дәм тата алады және жылқы шаруашылығы мәдениетінің дамуы туралы көбірек біле алады.
Фестивальге қымыз өндіруші ең үздік шеберлер, сондай-ақ шетелдік мамандар қатысады. Ұсынылған барлық өнім зертханалық тексеруден өтіп, сарапшылар тарапынан бағаланады.
Фестиваль бағдарламасында:
- «Үздік қымыз» байқауы;
- жылқылар көрмесі;
- қолөнершілер жәрмеңкесі;
- кітап көрмесі;
- республикалық суретшілер көрмесі;
- жылқылар мен өнер туындыларының аукционы;
- мәдени-спорттық шаралар;
- балалар аймағы мен конкурстар.
2000-жылдардың рок-хиттері
Рок-музыка сүйер қауымды 12 шілдеде The Champions Rock Show Vol.2 концерті күтеді.
Сахнада 2000-жылдардың символына айналған танымал композициялар: Linkin Park, Nirvana, Rammstein, Muse, Papa Roach және басқа да орындаушылардың хиттері шырқалады.
Концерттің басталуы — сағат 19:00-де.
Сиқыр мен иллюзия
11 шілде күні сағат 18:00-де көрермендер назарына Юрий Приходьконың сиқыр мен иллюзиядан тұратын Magic Show Astana бағдарламасы ұсынылады. Қонақтар ерекше нөмірлерді тамашалап, сиқыр мен күтпеген түрленулер атмосферасына ене алады.
Театр премьералары
Демалыс күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында екі қойылым өтеді.
11 шілде күні сағат 18:00-де Шыңғыс Айтматовтың шығармасы желісімен сахналанған «Қызыл орамалды шынарым» спектаклі болады. Бұл – махаббат, таңдау және адамдық сезімдер туралы хикая. Кейіпкерлер адалдық, жауапкершілік пен тағдыр таразыға түсетін сынақтардан өтуі тиіс.
12 шілде күні сағат 18:00-де «ҚАН МЕН ТЕР» спектаклінің премьерасы өтеді. Спектакль тарихи таңдау мен шешімдердің салдары туралы мәселелерді көтереді. Қойылымның басты сауалы: «Неден ұттық? Неден ұтылдық?»
Футбол кеші
Демалыс күндерін Қазақстан чемпионатының футбол матчымен түйіндеуге болады.
12 шілдеде «Астана Арена» стадионында «Астана» және «Ақтөбе» футбол клубтары кездеседі. Ойынның басталуы – сағат 19:00-де.
Тағы да оқыңыз: Астананың бірнеше ауданында жарық өшіріледі