
АҚШ әскері Иранға қайтадан соққы жасады. Соққылар Тегеранның Ормуз бұғазындағы кемеге жасаған шабуылына жауап болды. Бұл туралы Құрама Штаттар қолбасшылығы X желісінде мәлімдеді.
Операция шығыс жағалауы уақытымен 19:15-те (Астана уақытымен 12 шілде, 04:15) басталған.
«АҚШ Иранға қарсы соққылардың осы аптадағы үшінші сериясын бастады. АҚШ әскері бұл қадамға Ормуз бұғазында Кипр туымен жүзген M/V GFS Galaxy контейнер тасушы кемесіне ашықтан-ашық шабуыл жасауынан кейін барды», – делінген хабарламада.
Қолбасшылықтың мәліметінше, Иранның шабуылы кезінде экипаждың бір мүшесі хабар-ошарсыз кеткен. Сонымен қатар кеме бортынан өрт шыққан.
«Иран коммерциялық кемелерге жасаған алдыңғы шабуылдары үшін жауапқа тартылғаннан кейін өзара түсіністік меморандумын сақтайтынын көрсетуге тағы бір мүмкіндік алған еді, бірақ бұл жолы да сәтсіздікке ұшырады», – деп мәлімдеді CENTCOM.
Press TV телеарнасының хабарлауынша, Иран да АҚШ-тың соққыларына жауап беріп үлгерді. Иран 12 шілдеде араб еліндегі Бахрейн, Иордания, Кувейт, Катар және Омандағы АҚШ нысандарына шабуыл жасау үшін зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданған.
АҚШ осы аптада Иранға жасаған бұған дейінгі соққыларын да үш жүк кемесіне жасалған шабуылдардан кейін жүзеге асырған болатын.
Америка Құрама Штаттары президент Дональд Трамптың жақын арадағы мәлімдемелеріне қарамастан, Иранмен арадағы өзара түсіністік туралы меморандумды ұстануды жалғастыруда және дипломатиялық шешім іздеуге ниетті екенін білдірген еді.