
Елорданың Байқоңыр ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары үшінші күн қатарынан жүргізіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратынша, өртті сөндірудің тиімділігін арттыру үшін екі жауынгерлік учаске құрылды.
Сонымен қатар өрт ошақтарын оқшаулау және жалынның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында полигон аумағын инертті материалмен жабу бойынша инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта полигонға 14,85 мың тоннаға жуық инертті материал жеткізілді.
Жұмыс қатты түтінге, жиналған қалдықтардың тұрақсыз болуына байланысты қиындап жатыр.
Сонымен қатар өртті сөндіруге автоцистерналар мен су таситын арнайы көліктер де жұмыс істеп жатыр.
Өртті сөндіруге ТЖД мен ЖАО 120-ға жуық жеке құрамы және 150 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында.
Астана қаласының Байқоңыр ауданындағы Алаш тас жолы бойында орналасқан қоқыс полигоны 10 шілдеден бері өртеніп жатыр.