Экономика

Алматыдағы университеттер 2026-2027 жылға оқу ақысын жариялады

Алматы қаласындағы ірі университеттер / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Алматының ірі жоғары оқу орындарындағы бакалавриаттың жылдық оқу ақысы таңдаулы 14 университетте 920 мың теңгеден басталып, 4,9 млн теңгеге дейін барады. Kursiv Media жинаған деректерге сүйенсек, ең жоғары шартты баға КИМЭП университетінде, ал ең арзан баға Алматы технологиялық университетінде тіркелді.

Салыстыру үшін күндізгі бөлімдегі бакалавриат бағдарламаларының ақылы оқу құны алынды. Кестеге жеңілдіктер, шетелдік студенттерге арналған тарифтер, қысқартылған оқу, колледж, магистратура және докторантура бағалары енгізілген жоқ.

Білім де қымбаттады

КИМЭП университеті рейтингте ең қымбат оқу орны болып шықты. Университеттің 2026–2027 оқу жылына арналған құжатында бакалавриат бағдарламалары үшін бір кредит құны 163 230 теңге деп көрсетілген. Экономика, журналистика, халықаралық қатынастар, менеджмент, маркетинг, қаржы, құқық, психология, ақпараттық жүйелер және компьютерлік ғылым сияқты барлық бакалавриат бағдарламаларына бірдей кредит құны қойылған. Сондықтан 30 кредитке шаққанда шартты жылдық төлем 4 896 900 теңге болады.

Қазақстан-Британ техникалық университетінде / ҚБТУ бакалавриат оқу ақысы бағытқа қарай 1,9 млн теңгеден 2,5 млн теңгеге дейін барады. Скриндегі мәлімет бойынша ең жоғары баға IT және инженерия мектебінде: оқу құны жылына 2,2–2,5 млн теңге аралығында.

Бизнес мектебінде оқу ақысы 2,0–2,4 млн теңге, ал энергетика және мұнай-газ ісі бағытында 1,9–2,2 млн теңге шамасында. Қазақстан теңіз академиясында оқу ақысы 2 млн теңгеден басталады. Осылайша ҚБТУ Алматыдағы ең қымбат университеттердің қатарына кіреді және рейтингте КИМЭП-тен кейін орналасты.

Narxoz University-де бакалавриат оқу ақысы 1 380 000 теңгеден басталып, 2 322 000 теңгеге дейін жетеді. Мемлекеттік және жергілікті басқару бағыты бойынша оқу ақысы арзан Ал экономика, қаржы, маркетинг, менеджмент, есеп және аудит, IT, киберқауіпсіздік, бағдарламалық инженерия және BBA бағдарламаларында оқу ақысы қымбат. Narxoz-дың бакалавриат бетінде оқу бағдарламалары мен құн бөлімі бөлек көрсетілген, ал StudentHub-та бірқатар бағдарлама құны 2,322 млн теңге деп берілген.

ALT University / Мұхамеджан Тынышпаев атындағы университетте бакалавриат бағасы 1 200 000 теңге мен 2 000 000 теңге аралығында. Ең төменгі баға архитектура бағытына қойылған. Ал 2 млн теңгелік ең қымбат топқа ақпараттық жүйелер, бағдарламалық инженерия, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік, телекоммуникация, энергетика, автоматтандыру, машина жасау, көлік инженериясы, құрылыс және логистика бағыттары кіреді.

Тұран университетінде бакалавриаттың қазақ/орыс бөліміндегі негізгі баға – 1 476 600 теңге. Жалпы диапазон 1 265 000 теңгеден 1 587 000 теңгеге дейін. Кино және ТВ продюсер мамандығында оқу арзан болса, ал ең жоғары баға актерлік өнер бағдарламасына тиесілі. Халықаралық қатынастар, құқық, туризм, менеджмент, экономика, қаржы, маркетинг, IT және журналистика сияқты бағдарламалардың көбі 1,476 млн теңге тұрады.

С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқу ақысы 600 000 теңгеден 2 100 000 теңгеге дейін барады. Ең төменгі баға мейіргер ісі бағдарламасында – 600 мың теңге. Ең қымбат бағдарлама -стоматология, оның жылдық құны 2,1 млн теңге. Жалпы медицина – 1,9 млн теңге, педиатрия – 1,6 млн теңге, фармация – 1,45 млн теңге.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде / АУЭС бакалавриат бағасы 1 260 000 теңгеден 1 680 000 теңгеге дейін. Негізгі 4 жылдық бағдарламалардың көбі – ақпараттық қауіпсіздік, байланыс технологиялары, электр энергетикасы, автоматтандыру, механика, көлік техникасы, әуе көлігі және жылу энергетикасы – 1,26 млн теңге деңгейінде. Ең қымбат оқу ақысы 3 жылдық ақпараттық технологиялар бағыты бойынша көрсетілген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2026-2027 оқу жылындағы оқу ақысы әлі жарияланбағандықтан, 2025–2026 оқу жылына қатысты ашық дерек пайдаланылды. Былтыр бакалавриат бағасы 500 000 теңгеден 1 700 000 теңгеге дейін барды. Ең жоғары баға құқық бағытындағы бағдарламаларда, ал негізгі гуманитарлық, жаратылыстану және инженерлік бағыттардың бір бөлігі 1,1–1,4 млн теңгені құраған.

Satbayev University-де оқу ақысы 1 000 000 теңгеден 1 300 000 теңгеге дейін. Биология, жер туралы ғылым, су ресурстары, менеджмент, қаржы және көлік қызметтері бағыттарында білім алу арзандау. Ең қымбат топқа ақпараттық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, байланыс технологиялары, электр энергетикасы, автоматтандыру және әуе көлігі бағыттары кіреді.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында бакалавриат бағасы 1 094 500 теңгеден басталып, 1 305 250 теңгеге дейін жетеді. Дизайн, сән және костюм дизайны, аудиоөндіріс, режиссура, анимация режиссурасы және кино/ТВ продюсерлеу бағыттары 1 144 250 теңге тұрады. Ең қымбат бағыт – актерлік өнер және эстрада өнері, жылына 1 305 250 теңге.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу ақысы 990 000 теңгеден 1 243 000 теңгеге дейін. Педагогикалық бағыттардың көпшілігі 990 мың теңге деңгейінде. Дене шынықтыру, қазақ тілі мен әдебиеті, әлеуметтану, психология, халықаралық қатынастар, құқық, туризм сияқты бірқатар бағыттар 1 045 000 теңге тұрады. Ең жоғары баға – 1 243 000 теңге: бұл топқа хореография, бейнелеу өнері, дизайн, тарих, аударма ісі, филология және ақпараттық технологиялар кіреді.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде қолдағы құжат бойынша оқу ақысы 900 000 теңгеден 1 200 000 теңгеге дейін. Ең арзаны – туризм және мейрамхана-қонақүй бизнесі. 950 мың теңге деңгейінде шығыстану, журналистика, халықаралық бизнес, халықаралық құқық және кейбір тілдік бағдарламалар бар. Ең қымбат мамандықтар – екі шет тілі мұғалімі, ағылшын тілі және халықаралық қатынастар. Олардың жылдық ақысы 1,2 млн теңгені құрайды. Бұл құжат та 2025 жылғы қабылдау прайсы екенін ескерткен жөн.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде / ЖЕНПУ бакалавриат бағдарламаларының барлығына бірдей баға қойылған – 1 000 000 теңге. Қолдағы 2025–2026 оқу жылына арналған құжатта педагогика, психология, мектепке дейінгі білім, бастауыш білім, математика, физика, химия, биология, тарих, тілдер, әлеуметтік ғылымдар, IT, туризм және әлеуметтік жұмыс бағыттарының бәріне осы баға көрсетілген.

Алматы технологиялық университетінде / АТУ жалпы орта білім негізіндегі күндізгі бакалавриат бағдарламаларының негізгі бағасы 920 000 теңге. Бұл сома тағам технологиялары, биотехнология, экология, фармацевтикалық өндіріс технологиясы, дизайн, IT, жасанды интеллект, Data Science, робототехника, экономика, менеджмент, қаржы, туризм және мейрамхана ісі бағыттарына қолданылады. 3 жылдық оқу форматында кейбір бағыттар 1 250 000 теңгеге дейін барады, бірақ рейтинг үшін стандартты бакалавриат бағасы алынды

Тағы да оқыңыз: Қазақстанда ең көп салық 50 ірі төлеген университеттер анықталды.