Қоғам

Былтыр 3 жылға сотталған Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты

Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты/фото: facebook.com

2025 жылы үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. Ақпаратты ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады.

«Қожағапанов қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан. Сот шешімі негізінде жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасынан неғұрлым жеңіл жаза түріне – айыппұлға ауыстырылды», – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Сот үкімі

2025 жылдың мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы шығарған үкімге сәйкес, Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.

Істің мән-жайы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ерлан Қожағапанов «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.

Агенттіктің хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен.

Ерлан Қожағапанов кім?

Қожағапанов 2017-2019 жылдары мәдениет және спорт вице-министрі болған, 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылы қайта мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалған.