
Қазақстандық танымал кәсіпкер Кеңес Рақышев «Тараз» футбол клубының басшылығына келуі мүмкін. Бұл туралы инсайдер-журналист Болсынбек Дінмұхаммед хабарлады.
Келіссөздер басталып кетті
Журналистің мәліметінше, қазіргі уақытта қос тарап клубты басқару құқығын беруге байланысты құжаттарды рәсімдеу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.
«Тараз» футбол клубында үлкен өзгерістер орын алуы мүмкін! Менің мәліметім бойынша, қазіргі уақытта кәсіпкер Кеңес Рақышев клуб тізгінін ұстауға жақын. Егер келіссөз сәтті аяқталса, клубты жаңа деңгейге шығаруға, қаржылық жағдайын тұрақтандыруға және алдағы дамуына бағытталған ауқымды реформалар басталады», – деп жазды журналист өзінің инстаграм парақшасында.
«Тараздың» Бірінші лигадағы мүшкіл халі
Маусым басында Жамбыл облысының ұжымына Бірінші лигадан Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алу міндеті қойылған еді. Алайда команданың көрсеткіштері көңіл көншітпей тұр. Турнирдің 13 турынан кейін «Тараз» турнирлік кестеде тек 9-шы орынды місе тұтып келеді. Ірі кәсіпкердің келуі команданың спорттық нәтижелерін жақсартуға үлкен серпін беруге тиіс.
Кеңес Рақышев кім?
Кеңес Рақышев – отандық және халықаралық деңгейдегі ірі инвестор, танымал кәсіпкер. Оның бизнес активтері қаржы секторын, мұнай өндіруді, тау-кен металлургия өнеркәсібін және жоғары технологиялық венчурлық жобаларды қамтиды.
Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы мамыр айындағы рейтингіне сәйкес, Кеңес Рақышевтің жеке байлығы 402 млн долларға бағаланған. Бұл көрсеткішпен Қазақстанның ең бай кәсіпкерлердің тізімінде 27-ші орында тұр.
Оқи отырыңыз: Қазақстан футбол клубтарын кімдер басқарады