Жаңалықтар

«Киллиан диктатор» мемі қайдан пайда болды


Фото: ЖИ, бильд-редактор: Милош Муратовский
Фото: ЖИ, бильд-редактор: Милош Муратовский

Биыл Франция құрамасының жұлдызы Килиан Мбаппені «диктаторға» теңеген футбол мемдері әлеуметтік желіде қаптап кетті.

Қазақстандық тиктокерлер де АҚШ-та диктатордың әскери формасын киіп, Мбаппенің қылықтарын қайталап, әлемге танылып жатыр.

Бұл мем 2026 жылдың алғашқы жартысында кең тарай бастады. Бұған түрткі болған бірнеше жайт бар.

Бапкерді емес, Киллианды тыңдайды

Чемпионат ақпаратына қарағанда, Хаби Алонсо қызметінен кеткеннен кейін «Реал» жанкүйерлері Мбаппені бапкерді қызметінен кетіруге ықпал етті деп айыптады. Әсіресе Испания Суперкубогындағы жеңілістен кейін болған оқиға көпшіліктің ашуын туғызды. Алонсо «Барселона» ойыншыларына құрмет дәлізін жасауды ұсынып, өз футболшыларын шақырған. Алайда Мбаппе ыммен командаластарына бұған қатыспауға белгі берген. Нәтижесінде ойыншылар бас бапкердің емес, «диктатордың» айтқанын орындады.

Ықпалы зор

Мұның бәрі жанкүйерлердің француз футболшысының «Реалдың» ішкі процестеріне де, Франция құрамасына да орасан зор ықпалы бар деген сенімінен туындаған. Олардың айтуынша, кімді сатып алу, кімді сату, кімді негізгі құрамға шығару керегін дәл Мбаппе шешеді. Тіпті бәрін өзі шешеді деген пікір айтылып жүр.

Мбаппенің «шексіз билігі» туралы алғашқы әзілдер ПСЖ-да жүрген кезінде-ақ пайда болған. 2022 жылы Франция президенті Эммануэль Макронның өзі шабуылшыны клубта қалуға көндіруге мәжбүр болған. Бұл туралы Килианның өзі де айтқаны бар.

Мобуту немесе Мао

Біраз уақытқа көндіргенімен, сол кезде француз жанкүйерлері оны «Мобуту» деп атай бастады. Бұл – конголық диктатор Мобуту Сесе Секоны меңзегені. Ал Килианның Мао Цзэдун бейнесіндегі алғашқы суреті 2024 жылдың 17 қарашасында Reddit порталында жарияланған. Кейін бұл мем халық арасына кең тарап кетті.

Кейін мемге «Реалдағы» жаттықтырушының кетуімен және капитандық белгіге қатысты эпизодтар түрткі болған.

Дешам иіліп сәлем салды

Алайда Франция жанкүйерлерінің көбі бұл әзілдерді шындық ретінде қабылдамайды. Олар Мбаппені команданың көшбасшысы әрі капитаны деп санайды. Бірақ негізгі шешімдерді бәрібір бас бапкер Дидье Дешам қабылдайтынын айтады. Оның мінезі мен амбициясын қалыпты құбылыс деп біледі.

Әлем чемпионатындағы ойындарда Мбаппе эмоция көрсеткенімен, Дешаммен өте жылы қарым-қатынаста екені байқалды. Матч кезінде екеуі жиі ақылдасып, голдан кейін футболшы алдымен бапкеріне барып қуанады. Кейін Дешам оны алаңнан шығарғанда иіліп құрмет көрсетіп, құшақтады.

Олай етпей ше? Сұрмергендер бәйгесінде Мбаппе атақты Мессимен теңесіп отыр.

Француздардың пікірінше, Мбаппе – құраманың көшбасшысы. Алайда оның билігі Дешамнан жоғары емес. Сондықтан «Мбаппе – диктатор» дегені көбіне интернеттегі күлкілі мем ғана.