Жаңалықтар

ҰБТ-ы қорытындысы: биыл 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады

ҰБТ қорытындысы
ҰБТ қорытындысы / фото: kursiv.media архиві

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің қортыныдысын жариялады. Оған сәйкес, биылғы 10 мамырдан 10 шілдеге дейін 233 мыңға жуық талапкер тестілеуден өткен. 

Талапкерлердің 73,1%-ға жуығы тестілеуді қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, 383 адам ағылшын тілінде тапсырған.

Түлектерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Осылайша, 233 мың талапкер ҰБТ-ны 422 мың рет тапсырды. Ал 2025 жылы 210 мың талапкер ҰБТ-ны 381 мың рет тапсырған.

Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ы. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы 69 балды құрады. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия жинады. 821 адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 800 талапкер қатысқан.

ҰБТ-дағы апелляция мен ереже бұзушылықтар

Биыл апелляцияға 95 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 152 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.  

ҰБТ өткізу барысында 890 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 361 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, бірінші тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижесі жойылған талапкерлер екінші тестілеуге жіберіледі. Ал екінші тестілеуде тәртіп бұзғандардың бірінші тестілеудегі нәтижесі сақталады.

Бүгіннен бастап түлектер грант конкурсына қатысу үшін өтініш жоғары оқу орындарындағы қабылдау комиссияларына құжаттарын тапсыра алады. Құжат қабылдау онлайн немесе офлайн түрде жүргізіледі.