Жаңалықтар

Бектенов Тоқаевқа есеп берді: Қазақстан экономикасы жарты жылда 4,1 пайызға өскен

Фото: Ақорда, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Ол Президентке Қазақстан экономикасының қаңтар-маусым айларындағы дамуы туралы есеп берді. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыру жоспарын таныстырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Премьер-министр 2026 жылдың алты айында ішкі жалпы өнім 4,1 пайызға өскенін айтты. Экономиканың түрлі салаларында өсім бар. Мысалы, құрылыс 15,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, көлік саласы 7,1 пайызға артты.

Сауда-саттық 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға, ал байланыс қызметі 4,3 пайызға өсті. Осы уақытта негізгі капиталға 9,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 21,4 пайызға көбейді.

1,7 трлн теңгеге 200 инвестициялық жоба қосылады

Олжас Бектенов экономика құрылымын нығайту жұмыстарын да баяндаған. Биыл өңдеу секторында 200 инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл жобалардың құны 1,7 триллион теңгені құрайды. Соның арқасында 17 мың жұмыс орны ашылады.

Үкімет басшысы ірі автожол жобаларының қалай жүріп жатқанын айтты. Одан бөлек, Астанада екінші әуежай салу және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңі жоспарланып жатыр.

Биыл 20 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ауыл шаруашылығында өндіріс 15 триллион теңгеге жетті. Егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін кеңейді. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл ретте бюджеттің әрбір теңгесі 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға көмектесті.

Мемлекет басшысына Халықтың табысын арттыру жоспары мен инфляцияны төмендету шаралары туралы ақпарат берілді. Маусым айында жылдық инфляция 10,3 пайыз болды.

Энергетика саласына 384 млрд теңге бөлінген

Қысқы маусымның қорытындысы бойынша бес жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан шығарылып, үшеуі «жасыл» деңгейге ауысты. Биыл энергетика саласына 384 миллиард теңге бөлініп, 9 энергия блогы, 55 қазандық пен 51 турбина жөндеуден өтіп жатыр, сондай-ақ жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желі жаңартылмақ.

Цифрландыру саласында әлемдік IT көшбасшыларымен бірлесіп, қуаты 250 МВт болатын «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жасақталуда және бұл бағытқа 10 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған.

Қаңтар-мамыр айларындағы көрсеткіш 3,7 пайызды құраған. Жалпы 2026 жылы экономиканың өсімі 5 пайызды құрауы ықтимал.