
Ресейлік әйел жанармай тапшылығының кесірінен ұзын-сонар кезекке тұрмаудың амалын іздеп тапқанын айтты.
Пенза тұрғыны ол үшін құрбысының мүгедек баласын жалға алған. Айтуынша, бекеттерде мүгедек жандарға арналған бөлек жанармай құю аппараты бар. Содан кезексіз көлігіне сұйық отын құйып алады. Әрине, оның бағасында да елеулі жеңілдік бар.
«Көлікке жанармай құю керек кезде құрбымның мүгедек баласын алып шықтым. Анықтамасын да алдым. Кезексіз көлігіме жанармай құюға барамын. Лайфхак!» – дейді ресейлік әйел.
Бейнежазбада әйелдің мүгедектерге арналған аппараттан еркін жанармай құйдырып, кезекте тұрғандарға күле қарағаны көрінеді.
Бұл жайт Мемлекеттік Думада да сөз болды. Депутат Виталий Милонов әйелдің тек қана адамгершілік қағидаттарын бұзғанын айтқан. Десе де, полиция бұл жайтқа қатысты тергеу амалдарын бастап кеткен.
Украинаның Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары өндіріс көлеміне де, жанармай бағасына да тікелей әсер ете бастады. Өндіріс қысқарған сайын тапшылық күшейген.