Жаңалықтар

Қазақстанда АИ-92 бағасы жарты жылда қалай өзгерді

Бензин, АИ-92 / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Өңірлердегі жанармай, АИ-92 маркалы бензин бағасы / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

2026 жылдың қаңтарынан маусымына дейін Қазақстанда АИ-92 бензинінің орташа бағасы 235 теңгеден 240 теңгеге дейін қымбаттады. Алты айдағы өсім литріне 5 теңгені немесе шамамен 2,1%-ды құрады.

Өңірлер арасындағы баға айырмашылығы айтарлықтай. Маусым айында АИ-92 бензинінің ең жоғары бағасы Алматы қаласы мен Жетісу облысында тіркелді: литріне 245 теңге. Алматы облысында және Абай облысында жанармай 243 теңгеден сатылған.

Астана қаласы, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында АИ-92 бағасы 242 теңгені құрады. Ақмола, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында бензиннің бір литрі 241 теңге болған.

Ең арзан АИ-92 жанармайы Атырау облысында литріне 224 теңгеден сатылып жатыр. Батыс Қазақстан облысында баға 225 теңге, Ақтөбе облысында 227 теңгеге жетті. Шымкент пен Түркістан облысында жанармай 228 теңгеден сатылған.

Қай өңірде баға қатты қымбаттады

Қаңтар-маусым аралығында бензин бағасы Павлодар облысында қатты қымбаттады. Мұнда АИ-92 бағасы 234 теңгеден 241 теңгеге дейін көтеріліп, литріне 7 теңгеге немесе 3%-ға жуық өсті.

Атырау облысында жанармай бағасы 218 теңгеден 224 теңгеге дейін, ал Алматы қаласы мен Жетісу облысында 6 теңгеге өскен. Пайыздық өсім Атырау облысында 2,75%-ды, Алматы мен Жетісуда 2,51%-ды құрады.

Шымкент, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Астана, Шығыс Қазақстан және Алматы облысында бензин бағасы литріне 5 теңгеге қымбаттаған.

Ұлытау облысында ғана АИ-92 бағасы өзгерген жоқ. Қаңтарда да, маусымда да бензин литріне 242 теңгеден сатылды.

Өңірлер арасындағы айырмашылық 21 теңгеге жетті

Маусым қорытындысында ең қымбат және ең арзан бензин арасындағы айырмашылық литріне 21 теңгені құрады. Алматы мен Жетісу облысында АИ-92 бағасы 245 теңге болса, Атырау облысында 224 теңге болды.

Осылайша, АИ-92 бағасы барлық өңірде бірдей қарқынмен өскен жоқ. Кейбір облыстарда баға небәрі 2 теңгеге көтерілсе, Павлодар облысында өсім 7 теңгеге жетті.

Тағы да оқыңыз: Ресейдегі жанармай тапшылығы Орталық Азия мен Қазақстанға қалай әсер етеді?