Жаңалықтар

Жарты жылдың бюджеті: ел қазынасына қанша салық түсті

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың алты айында ел қазынасына түскен қаржы үкімет жоспарынан сәл асты. Бекітілген республикалық бюджетке сәйкес, қаңтар-маусым аралығында 10 трлн 811 млрд теңге кірісі кіруге тиіс еді. Жоспар 100,7 пайызға орындалып, жалпы кіріс 10 трлн 886 млрд теңгені құрағанымен, қосылған құн салығы толық жиналмады.

Республикалық бюджетке түскен 10,9 трл теңге кірістің басым бөлігі – 8,4 трлн теңгесі салық түсімдері. Соның ішінде мұнай секторын қоспағанда, ірі кәсіпкерлік субъектілерінен алынатын корпоративтік табыс салығы ел бюджетін толтыруда ерекше рөл атқарады.

Ресми жоспар бойынша 6 айда осы салықтан бюджетке 2,42 трлн теңге түсуге тиіс еді, Дегенмен осы мерзім ішінде ірі бизнес өкілдері қазынаға нақты 2,36 трлн теңгеқаржы құйды. Алты айлық жиынтық жоспар 97,8%-ға орындалған.

Қосылған құн салығы 8 пайызға кем түсті

Тауарлар мен қызмет көрсету айналымынан алынатын қосылған құн салығына қатысты жоспар 4,2 трлн деңгейінде бекітілді. Есепті кезеңде қазынаға іс жүзінде 3,8 трлн теңге қосылған құн салығы түсті. Бұл көрсеткіш аралық жоспардың 91,8 пайыз орындалғанын байқатады.

Сыртқы сауда байланыстары мен экспорт-импорт ағынынан қалыптасатын халықаралық сауда және сыртқы операцияларға салынатын салық та – негізі қаржы көзі. Биылғы нақтыланған бюджет жоспары бойынша бұл сектордан алты айда 1,12 трлн теңге түседі деп жоспарланған.

Дегенмен бұл салық жоспардан асып жиналып, 1,2 трлн теңгені құрады. Бюджет жоспары 108 пайызға орындалған.

Салықтан бөлек, алты айда Ұлттық қордан 1,7 трлн теңге трансферт алынған.

Кірістен шығын асып тұр

Алты айда бюджет шығыны 12,6 трлн теңгені құраған. Ел бюджетіндегі ең қомақты шығын – әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға тиесілі. Мемлекет зейнетақы, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдер үшін алғашқы алты айда нақты 3,37 триллион теңге бағыттаған.

Аймақтарды дамыту мен қолдауға арналған трансферттер де қомақты шығын қатарында Бұл мақсатқа жарты жылда 2,83 триллион теңге бөлініп, бекітілген аралық жоспар толықтай орындалды.

Жалпы шығын көлемі бойынша үшінші орында мемлекеттік борышқа қызмет көрсету тұр. Алған міндеттемелер мен қарыздарды өтеуге қазынадан 2,08 триллион теңге жұмсалды.

Бұдан бөлек, халық денсаулығын қорғау мен денсаулық сақтау жүйесіне 738,3 миллиард теңге, ал мемлекеттік органдар мен басқару аппараттарының жұмысын қамтамасыз ететін жалпы қызметтерге 699,1 миллиард теңге бағытталды. Қорғаныс секторлары мен құқық қорғау органдарына жалпы жиыны 1,4 триллион теңгеге жуық қаржы төленді. Ал инфрақұрылымды дамытатын көлік және коммуникация саласына 446,3 миллиард теңге, білім беру саласына 399,9 миллиард теңге нақты жұмсалды.

Алты айдағы бюджет тапшылығы 2,3 трлн теңгені құрап, мұнайға қатысты емес бюджет тапшылығы 4,9 трлн теңгеге тең.

Қаңтар-маусым айында 7,4 трлн теңге салық түскен. Бірақ ішкі нақты сектордағы бизнес төлейтін негізгі салықтар жоспарды орындай алмаған. Оның орнын пайдалы қазбаларды өндіру салығы мен кедендік төлемдер жауып кетті.