
Тамыз айынан бастап AJet әуе компаниясы Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер санын көбейтеді. Енді Анкараға ұшақтар күн сайын қатынайтын болады.
Түркия астанасына жету бұдан былай әлдеқайда жеңілдейді. Көлік министрлігінің хабарлауынша, тамыз айынан бастап Алматы мен Астанадан Анкараға қатынайтын рейстер аптасына екі рет емес, күн сайын орындалады.
Ведомство мәліметінше, бұл келісім түрік тарапымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асқан.
«AJet әуе компаниясы Алматы – Анкара және Астана – Анкара бағыттары бойынша рейстер санын арттырады. Қазір бұл бағыттарда аптасына екі рейс орындалса, тамыз айынан бастап олардың саны жетіге дейін көбейеді», – делінген министрлік хабарламасында.
Көлік министрлігі рейстер санының артуы Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік, сауда-экономикалық және туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Еске салайық, жуырда Алматыдан Қытайдың тағы бір қаласына тікелей рейс ашылған болатын.