
Volkswagen концерні Қазақстан нарығына ең танымал модельдерінің бірін қайта шығармақ. Tayron L кроссоверінен кейін Қытайда шығарылатын жаңа Volkswagen Passat та Қазақстанға әкелуге қажетті сертификат алды. Демек, бұл седан жақын уақытта еліміздегі автосалондарда пайда болуы мүмкін.
Қазақстанда көлік құралының типін мақұлдау (КҚТМ) тізілімінде Қытайдағы FAW-Volkswagen бірлескен кәсіпорнында өндірілетін жаңа Volkswagen Passat моделіне қатысты құжаттар жарияланды.

Kolesa.kz мәліметінше, бұл – Қазақстанда сертификатталған Volkswagen-нің Қытайда шығарылатын екінші моделі. Бұған дейін Tayron L кроссовері де тиісті құжаттарды алған болатын. Бұл модель техникалық жағынан Tiguan-ға өте жақын.
Бұл бұрынғы Passat емес
Атауы таныс болғанымен, әңгіме еуропалық Volkswagen Passat туралы емес.
Қытайда бұл седан Volkswagen Magotan атауымен шығарылады және FAW-Volkswagen зауытында өндіріледі. Ал жергілікті нарықта классикалық Passat мүлде сатылмайды.

Дегенмен Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, экспорттық нарықтарда дәл осы Magotan моделі Passat атауымен ұсынылады. Енді Қазақстанға да осы нұсқа жеткізілмек.
Жаңа седан туралы не белгілі
Көлік құралының типін мақұлдау құжаттарына сәйкес, жаңа Passat:
- 2,0 литрлік турбобензинді қозғалтқышпен;
- 220 ат күшіне;
- 350 Н·м айналу моментіне;
- 4990 мм ұзындыққа;
- 2871 мм доңғалақ базасына ие.
Құжаттарда беріліс қорабының түрі көрсетілмеген. Алайда Қытайдағы Magotan моделі тек 7 сатылы DSG роботтандырылған беріліс қорабымен жабдықталады.
Жабдықталуы қандай болады
Қазақстанға арналған ресми нұсқалар әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен Passat-тың экспорттық нұсқасы Таяу Шығыс нарығында сатылып жатқандықтан, оның жабдықталуына бағдар жасауға болады.

Тіпті базалық нұсқаның өзінде:
- 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі;
- 12,9 дюймдік мультимедиялық экран;
- екі аймақты климат-бақылау жүйесі;
- кілтсіз кіру жүйесі;
- жүргізушіге көмек көрсететін электрондық жүйелер;
- салон жасанды былғарымен қапталған
Қымбатырақ нұсқаларда не болады
Қымбатырақ нұсқаларда сатып алушыларға мынадай жабдықтар ұсынылады:
- панорамалық шатыр;
- матрицалық жарықдиодты шамдар;
- үш аймақты климат-бақылау жүйесі;
- 15 дюймдік мультимедиялық экран;
- проекциялық дисплей;
- смартфонға арналған сымсыз қуаттау құрылғысы;
- салонның атмосфералық жарықтандыруы;
- былғарымен әрленген салон.
Экспорттық Passat Қытайда сатылатын Magotan-нан алдыңғы жолаушыға арналған қосымша экранның жоқтығымен ерекшеленеді.
Әзірге Volkswagen Қытайда өндірілген жаңа модельдер желісі Қазақстанда қашан ресми сатыла бастайтынын жарияламады. Алайда КҚТМ құжатының берілуі көліктің барлық міндетті сертификаттау рәсімінен өткенін және жақын уақытта Қазақстанда сатылымға шығуы мүмкін екенін аңғартады.