Жаңалықтар

Жер учаскесіне мемлекеттік актіні енді тек eGov арқылы рәсімдеуге болады

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

12 шілдеден бастап жер учаскесіне мемлекеттік актіні рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барудың қажеті жоқ. Енді бұл мемлекеттік қызмет толықтай онлайн форматқа көшіріліп, өтінім тек eGov.kz порталы арқылы қабылданады.

Өзгеріс Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес күшіне енді.

Қызметті қалай алуға болады?

Мемлекеттік актіні рәсімдеу үшін:

  • eGov.kz порталына кіру;
  • жер учаскесіне мемлекеттік актіні беру қызметін таңдау;
  • қажетті мәліметтерді толтыру;
  • өтінімге электрондық сәйкестендірудің қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы қол қоюы қажет.

Өтінім қаралғаннан кейін дайын құжат пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Мемлекеттік қызметті алу тәртібі туралы толық ақпарат eGov.kz порталындағы қызмет паспортында жарияланған.

ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, бұл қызметті азаматтардың басым бөлігі бұған дейін де онлайн алып келген.

«Енді eGov.kz порталында өтінім беріп, оған ЭЦҚ арқылы қол қойып, дайын құжатты жеке кабинеттен алу жеткілікті. Осыған ұқсас тәсілмен сұранысқа ие ТОП-10 мемлекеттік қызметті цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бұл тәсіл нақты нәтижесін көрсетіп отыр: ХҚКО операторларына түсетін жүктеме 30%-ға төмендеді. Соның нәтижесінде мыңдаған азамат мемлекеттік қызметтерді ХҚКО-ға бармай, кезекте күтпей-ақ әлдеқайда жылдам ала бастады», – деді ол.

Тағы қандай қызметтер онлайн көрсетіледі

Қазіргі уақытта онлайн форматта мынадай мемлекеттік қызметтер қолжетімді:

  • жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт пен оның телнұсқасын алу;
  • электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімдеу;
  • тұрғылықты жер бойынша тіркелу;
  • жүргізуші куәлігін алу;
  • еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру және оның мерзімін ұзарту.

Онлайн өтінім бере алмағандар не істейді

Егер азаматтың мемлекеттік қызметті интернет арқылы алу мүмкіндігі болмаса, ол ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын пайдаланып, өтінімді дербес рәсімдей алады.

Еске салайық, маусым айынан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке арналған техникалық паспорттар мен кадастрлық паспорттардың телнұсқалары тек онлайн рәсімделеді. Өтінімді eGov.kz порталы арқылы беруге болады.