
Құрама Штаттар үш түн бойы Иран аумағын атқылады. Бұл уақытта Тегеран Ормұз бұғазындағы екі мұнай танкерін «істен шығарғанын» мәлімдеді. Парсы Шығанағындағы соғыс қайта өршіді.
Аймақта 50 мың америкалық сарбаз бар
АҚШ орталық қолбасшылығы Иранға кезекті соққысын аяқтағанын Астана уақытымен таңғы сағат 07:15-те хабарлады. Құрама Штаттардың бірнеше қалаға соққы жасағаны мәлім болды.
«Америкалық әскердің бес сағаттық миссиясы барысында бүкіл Ирандағы әскери нысандарға сәтті соққы жасалды. Олардың арасында Бушир, Чахбахар, Конарак, Әбу-Мұса және Бендер-Аббас бар. Соққылар Иранның коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін әлсірету мақсатында жасалды», – деп жариялады Орталық қолбасшылық X әлеуметтік желісінде.
Америкалық армия Иранның жағалауды қорғау жүйелеріне, зымыран және ұшқышсыз ұшақтар полигондарына, теңіз күштеріне қарсы дәлдігі жоғары соққы жасағанын айтып отыр.
Орталық қолбасшылық мәліметінше, қазір Таяу Шығыста АҚШ-тың 50 мыңнан астам сарбазы орналасқан.
«Америкалық күштер қырағылық сақтай отырып, жойқын соққы жасауға әрдайым дайын тұрады», – деп таратты Құрама Штаттар қолбасшылығы.
Иран баспасөзі сейсенбі күні елдің бірнеше қаласында жарылыс болғаны туралы жазып жатыр.
Бұғаздағы танкерлер атқыланды
Бұл уақытта Иран ислам революциясы сақшыларының корпусы Ормұз бұғазында екі танкерді «істен шығарғанын» мәлімдеді. Сақшылар оларды «заңсыз супертанкерлер» деп сипаттаған. Бұл туралы CNN хабарлайды.
Корпус мәліметінше, екі танкер навигация жүйесін өшіріп, Иран билігінің ескертуіне құлақ аспай, жарылғыш орнатылған жолмен жүріп өтуге бекінген.
Оның алдында ғана Ормұз бұғазының оңтүстігінде Біріккен Араб Әмірліктерінің екі танкеріне зымыран тигені мәлім болған.
БАӘ қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Әл-Бахия» мен «Момбаса» Оман су аумағында шабуылға ұшыраған. Экипаждың бір мүшесі қаза тапқаны мәлім.
Парсы шығанағындағы әскери қақтығыс одан сайын шиеленісіп барады. Бұны тараптардың риторикасынан ғана емес, әрекеттерінен байқауға болады.
Ирандағы соғыс 2026 жылғы 28 ақпанда басталды. Сол күні АҚШ пен Израиль күштері Иран аумағындағы бірнеше әскери нысанға, сонымен бірге Тегерандағы резиденцияға шабуылдады. Соққыдан елдің жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи мен оның бірнеше туысы мерт болды. Тегеран кек алу мақсатында Израиль мен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларын атқылады. Жанжалдың қашан аяқталатыны белгісіз.