
Астанада азаматтарды медициналық ұйымға тіркеу туралы мәліметтерді бұрмалау арқылы бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
«Forte Clinic (Tumar)» ЖШС жеке клиникасының жетекшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржыландыру алу үшін тіркелген азаматтардың санын жасанды түрде көбейту схемасын ұйымдастырған.
Бұл схеманы жүзеге асыру үшін ол «Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ-дағы РМК қызметкерін тартқан, ол өзінің қызметтік рұқсатын пайдалана отырып, берілген жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап отырған.
Осылайша, қолданыстағы ережелер мұндай формаға тек шектеулі адамдар тобы үшін ғана рұқсат беретініне қарамастан, 15 мыңнан астам азамат жазбаша өтініштер бойынша тіркелген. Басқа өңірлердегі азаматтарды, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ елден тыс жерлерге шығып кеткен тұлғаларды тіркеу жағдайлары анықталды.
«Клиника жетекшісі «Damu med» ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің есептік жазбаларын әкімшіліктің телефон нөмірлеріне байланыстырып, олардың үстінен бақылау орнатқан. Ол осы қолжетімділікті пайдалана отырып, заңсыз тіркелген азаматтарға көрсетілген-мыс медициналық қызметтер туралы жүйеге жалған мәліметтер енгізіп, Қордан қаржыландыру есептеу үшін негіз жасаған», – деп хабарлады ҚМА.
Нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығын 79 млн теңгеден асты. Сот клиника жетекшісіне 5 жылға бас бостандығынан айыру, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкеріне 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Келтірілген шығын толық өтелді.
Үкім заңды күшіне енді.