
Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан бері бірнеше жыл өтсе де, сол кезде заңсыз айналымға кеткен қару-жарақтар әлі де табылып жатыр. Кезекті жасырын қойма Балқаш қаласындағы қараусыз қалған құс фабрикасының аумағынан шықты.
Жасырын орын туралы сотталған адам айтып берген
Жасырын қойма болуы мүмкін деген ақпаратты Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №31 колония қызметкерлеріне сотталғандардың бірі жеткізген.
Жедел уәкілдер мәліметті тексеріп, жасырын орынды іздеуге кірісті. Іздестіру шараларына Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері қосылып, жұмыс прокуратураның қатысуымен жүргізілді.
«2026 жылдың 27 маусымында Балқаш қаласына қарасты Тораңғылық кентінің кіреберісіндегі қараусыз қалған құс фабрикасының аумағын тексеру барысында құқық қорғаушылар мұқият жасырылған қойманы тапты. Оның ішінен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған төрт атыс қаруы шықты. №31 мекеме қызметкерлері үшін бұл нәтиже күнделікті жедел жұмыстың тиімділігін дәлелдейді», – деп хабарлады Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдары қаңтар оқиғасынан кейін белгісіз адамдардың қолында қалып қоюы мүмкін қару-жарақтарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Айта кететін жайт, полиция жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркілеген. Оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару бар.