
14 шілдеде кешке Қазақстан және Ресей әуе кеңістігі уақытша жабылады. Өйткені Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-29» кемесі ұшырылады.
Сейсенбі күні көрші екі елдің әуе кеңістігі уақытша жабылатыны туралы мәліметті Shot Telegram-арнасы жариялады. Оның дерегінше, кеме ұшқан сәтте 4 мың км әуе жолы уақытша жабылады. Соның шамамен 1,6 мың шақырымы Қазақстанда жатыр. «Союз» елдің жеті ірі қаласының үстінен ұшып өтеді.

Shot жариялаған картаға қарағанда, Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан кеме Сәтбаев, Жезқазған, Қаражал, Қарқаралы, Курчатов және Семей қалаларының үстінен ұшып өтеді. «Союз» одан әрі қарай Ресейдің Қиыр Шығысына бет алады.
Уақытша шектеу бар болғаны 35 минутқа созылады. Ол Астана уақытымен сағат 19:47-де басталып, 20:22-де аяқталады. NOTAM, яғни авиациядағы арнайы ескерту «Союз» ұшардан 30 минут бұрын Байқоңырда жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде Астана уақытымен сағат 19:47-де «Союз МС‑29» ғарыш кемесі Байқоңырдан ұшады. NASA ғарышкері Анил Менон, сонымен бірге «Роскосмостың» екі ғарышкері Пётр Дубров пен Анна Кикина Халықаралық ғарыш станциясына бара жатыр. NASA басшысы Джаред Айзекман кеменің ұшу сәтін тамашалау үшін Қазақстанға келді.