Жаңалықтар

Елде бірінші жартыжылдықта мұнай мен газ өндіру көлемі төмендеді

6 айдағы мұнай өңдеу көлемі 8,98 млн тоннады құрады
6 айдағы мұнай өңдеу көлемі 8,98 млн тоннады құрады / фото: kursiv.media

2026 жылғы қаңтар-маусым айларында елімізде 45,7 миллион тонна мұнай өндірілді. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 49,9 миллион тонна болған.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың үкіметтегі баяндамасынан елімізде мұнай мен газ өндірісінің көлемі төмендегенін байқауға болады.

Айтуынша, төмендеген мұнай өндірісі көлемінің орнын толтыру үшін Қашаған кен орнындағы жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары кейінге шегерілді. Бұл 2 миллион тоннаға дейін мұнай өндіруді өтеуге мүмкіндік береді.

«Бүгінгі таңда жалпы шығын көлемі 4,9 миллион тоннадан 3,3 миллион тоннаға дейін азайды. Биылғы жылға арналған мұнай өндіру көлемінің болжамы 98 миллион тоннаны құрайды», – деді Ерлан Ақкенженов.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, өндіріс деңгейінің айтарлықтай төмендеуі келесі кен орындарында тіркелген:

  • Теңіз кен орны – 16,6 миллион тонна (өткен жылмен салыстырғанда 85,1 пайыз);
  • Қашаған – 8,6 миллион тонна (93,5 пайыз);
  • Қарашығанақ – 5,5 миллион тоннаға төмендеген (85,9 пайыз).

Дегенмен Ақкенженов ірі жер қойнауын пайдаланушылармен өндіріс көлемін арттыру шаралары бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.

Газ өндіру көлемі де азайған

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, алты ай ішінде елімізде 31,4 миллиард текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,9 пайызды құрайды. Министр бұл көрсеткішке бірден бірнеше фактор әсер еткенін түсіндірді.

«Газ өндіру көлемінің төмендеуі мұнай өндірісінің азаюымен, сондай-ақ Орынбор газ өңдеу зауыты тарапынан Қарашығанақ газын қабылдаудағы шектеулермен және ақпан айында Қашағанда жүргізілген жоспардан тыс жөндеу жұмыстарымен байланысты», деді ол.

Нәтижесінде, бір жылға арналған газ өндіру болжамы бір жыл бұрынғы 68,2 миллиард текше метрдің орнына 64,5 миллиард текше метрді құрап отыр.

Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 8,98 миллион тонна мұнай өңделді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,1 пайызға аз. Энергетика министрлігі төмендеуді Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстың жоспардан тыс тоқтатылуымен түсіндірді.