Жаңалықтар

Ертіс орманында суатқа келген сілеусін фототұзаққа түсті (видео)

Ертіс орманындағы сілеусіндер
Суатқа келген қос сілеусін / фото: Қазақ орманы видеосынан скриншот, ЖИ көмегімен өңделген

«Ертіс орманы» табиғи резерватын мекендеген екі сілеусін фототұзаққа түсіп қалды. Қос тағының суатқа келген сәті бейнеленген видеоны «Қазақ орманы» мекемесі жариялады.

Табиғатты қорғаушылар камераларды Қазақстанның солтүстігіндегі орманды мекендеген жабайы аңдар мен құстарды сырттай бақылау үшін орнатқан. Суат басындағы фототұзаққа екі сілеусін түсті.

Өте сақ келетін мысық тұқымдас аңның көрінуі табиғат жанашырларын қуантты.

«Кадрлар – өңір экожүйесінің байлығы мен жануарлар дүниесінің әлі де сақталғанының айғағы», – деп есептейді «Қазақ орманы» мекемесіндегілер.

«Ертіс орманы» табиғи резерваты Павлодар облысының Шарбақты және Аққулы аудандары аумағында орналасқан.

Қазақстанда сілеусіннің үш түрі мекендейді. Солардың ішінде Түркістан сілеусіні жойылып кету қаупі бар аң ретінде «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Бұған дейін Қатонқарағайды мекендеген қар барысының үш күшігі қайта-қайта фототұзаққа түскен. Дәл осы маңда бір үйір қабан жүргені байқалған. Экологтар «Алтын Емелде» дала қыранының екі ұясына фототұзақ орнатқан. Арнайы камера «Қызыл кітапқа» енген жыртқыш құсты зерттеу үшін қажет.