
Қазақстан мұнайының басым бөлігін әлемдік нарыққа шығаратын басты күретамыр – Каспий құбыр консорциумы (КҚК) экспорт деңгейін айтарлықтай төмендетті. Маусым айында КҚК арқылы 6,442 млн тонна мұнай жөнелтілген. Салыстырар болсақ, мамыр айында бұл көрсеткіш 7,187 млн тоннаны құраған. Осылайша, небәрі бір айдың ішінде тасымалданған шикізат 745 мың тоннаға азайып кетті.
Жартыжылдық көрсеткіш те күрт қысқарған. 2025 жылдың 6 айында 36 млн тоннадан аса мұнай экспортталса, биыл экспорт 33,4 млн тоннаны құрайды. Биыл Қазақстаннның ірі кен орындарындағы мұнай өндірісі қысқарған. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, қаңтар-маусым айларында елімізде 45,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 49,9 млн тонна болған.
Теңіздегі апат және Ресей шикізатының азаюы
Сарапшылар экспорттың мұншалықты қысқаруын негізі екі себеппен байланыстырады. Бірінші себеп – мамыр айының соңында Қазақстандағы ең ірі Теңіз кен орнында орын алған апат. Дәл осы оқиға маусым айындағы тасымалға тікелей әсер етті. Апат нәтижесінде өткен айда КҚК арқылы тасымалданған қазақ мұнайы мамырдағы 6,27 млн тоннадан 5,91 млн тоннаға дейін кеміді.
Екінші себеп – құбырға құйылатын ресейлік шикізат көлемінің күрт азаюы. Маусым айында құбыр жүйесіндегі Ресей мұнайының көлемі мамырмен салыстырғанда 40%-ға құлдырап, 0,53 млн тоннаға дейін азайған.
Консорциум 2026 жылы тасымалданатын мұнай көлемін былтырғы 70,5 млн тоннадан 72 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл мақсатқа жету оңай емес, себебі Қазақстанның экспорттық мұнайының 80%-дан астамы осы құбыр арқылы өтеді. Негізгі шикізат Каспий қайраңындағы алып кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан алынып, Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалында танкерлерге тиеледі.
Құбыр Ресей (31%), Қазақстан (20,75%) және Chevron (15%) сынды жеке компанияларға тиесілі. Сондықтан бұл құбырдың тұрақты жұмыс істеуі тек Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық серіктестер үшін де стратегиялық маңызға ие.