
NASA басшысы Джаред Айзекман Байқоңыр қаласында жүр. Ол бүгін кешке ғарыш айлағында «Союз МС-29» кемесінің ұшу сәтін тамашалайды.
Америкалық ғарыш агенттігінің басшысы Джаред Айзекман Байқоңырға бір күн бұрын келіп, Қазақстан вице-премьері Жаслан Мәдиевпен кездескен. Бұған қоса, ол Халықаралық ғарыш станциясына ұшатын кеме экипажын бекітетін комиссия жұмысына қатысты.
Мемлекеттік комиссия ғарышқа NASA ғарышкері Анил Менон, «Роскосмос» ғарышкерлері Пётр Дубров пен Анна Кикина ұшатынын бекітті.
«Союз МС-29» ғарыш кемесі бүгін Астана уақытымен сағат 19:47-де әуеге көтеріледі. Ұшу сәтін NASA басшысы да тамашалайды. Айта кетейік, америкалық ғарыш агенттігінің басшысы сегіз жылдан бері алғаш рет Қазақстанға келіп отыр.
Байқоңырдан ұшқан кеме үш сағаттың ішінде ғарыштағы станцияға жетіп, «Причал» модулімен түйіседі. Үш ғарышкерді NASA ғарышкерлері Джессика Мейр, Джек Хэтэуэй және Крис Уильямс, Еуропа ғарыш агенттігінің өкілі Софи Адено, сонымен бірге «Роскосмос» ғарышкерлері Сергей Кудь-Сверчков, Сергей Микаев және Андрей Федяев күтіп алады. Жоспар бойынша, 15 шілдеде түнгі сағат 00:55-те ғарыш станциясының есігі (люк) ашылуға тиіс.
14 шілде күні Байқоңырдан ғарыш кемесінің ұшу және станциямен түйісу сәтін NASA+, Amazon Prime және агенттіктің Youtube-тегі арнасы, сонымен бірге «Роскосмос» тікелей эфирде көрсетеді.