Жаңалықтар

Бектенов ҚТЖ-ның жұмысына сын айтты

КТЖ
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Дастан Шанай

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сын айтты. Оның сөзінше, вокзалдардың жаңартылуына қатысты жұмыс «тым баяу жүріп жатыр».

«ҚТЖ» компаниясының жұмысы әлі де нашар. Жағдайды реттеу керек», – деді премьер-министр.

Бектенов Көлік министрлігі мен ҚТЖ компаниясына бірлесіп, вокзалдарды жаңарту жобасын тезірек аяқтауды тапсырды.

«Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін негізгі теміржол желілерінің құрылысын, сондай-ақ вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтасын. Автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары аясында олардың нормативтік талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті үкімет басшысы.

Одан бөлек Көлік министрлігі мен Жасанды интеллект ведомствосына заманауи цифрлық құралдарды енгізіп, оларды Smart Data Transport бірыңғай «деректер көліне» біріктіруді міндеттеді.

Наурызда Ақордада өткен жиынның бірінде Тоқаев елдегі 124 вокзалды жаңартуды тапсырған. Ол  елдегі вокзалдар орта есеппен 60 жылдан бері жөндеу көрмегенін айтып, жұмысты жыл соңына дейін аяқтау керек деген.

2 шілдедегі есеп бойынша, Қазақстандағы 30 теміржол вокзалы жөнделіп, есігін қайта ашты.

Айта кетейік, 8 шілдеде ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов қызметінен кеткен.