Жаңалықтар

Қазақстанда әйелдерді де әскерге шақыра ма – министрлік жауап берді

Әскердегі әйелдер / фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі ведомствоның бұрынғы басшысы Мұхтар Алтынбаевтың әйелдерді ерлермен бірдей мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бастамасына пікір білдірді.

Министрлік қолданыстағы заңнамада әйелдерді мерзімді әскери қызметке міндетті түрде шақыру көзделмегенін, қазіргі уақытта мұндай норманы енгізу мәселесі қарастырылып жатпағанын мәлімдеді.

Десе де әскери қызметкен айнылысқысы келетін әйелдерге шектеу жоқ екенін де ескертті.

Мәселен, әйелдерді әскери мамандықтарға даярлау үшін 2023 жылдан бастап Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты әскери-медициналық факультетке қыздарды қабылдай бастағанын атап өткен. Оқуды аяқтаған түлектерге «лейтенант» алғашқы офицерлік атағы беріліп, олар Қазақстан Қарулы күштері қатарында әскери қызметін жалғастырады.

Әскердегі әйелдер / фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери қызметте қанша әйел бар

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінде армия қатарында 7 мыңға жуық әйел қызмет етеді. Олардың мыңға жуығы – офицер, ал 6 мыңнан астамы – келісімшарт бойынша әскери қызметшілер. Сонымен қатар 11 әйел басшылық лауазымдарды атқарады.

Әскердегі әйелдер / фото: Қорғаныс министрлігі

Әйелдер көмекші қызметтерде ғана емес

Министрлік әйел әскери қызметшілер Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерінде қызмет ететінін атап өткен.

«Олар әскери медицина, психология, қаржы, заң, байланыс, кадр жұмысы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, іс жүргізу және ақпараттық технологиялар салаларында жауапты міндеттерді атқарып келеді. Бұл олардың тек көмекші қызметтерде ғана емес, әскери басқару жүйесінің маңызды буындарында да табысты еңбек етіп жүргенін көрсетеді», – делінген хабарламада.

Ведомство соңғы жылдары әйелдердің әскери қызметтегі мүмкіндіктері едәуір кеңейгенін, олар штаб офицері, нұсқаушы, ұшқыш, мерген және арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшісі сияқты күрделі әскери мамандықтарды меңгеріп жатқанын атап өткен.

Бұған дейін, әскерге шақыру жаңа форматта ұйымдастырылуы мүмкін екені хабарланған.