Экономика

Қазақстандағы бакалавриат: Ең қымбат 15 университеттің оқу ақысы анықталды

Қазақстандағы оқу ақысы бойынша ірі 15 университет / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстандағы ақылы бакалавриат нарығында баға айырмасы бірнеше есе өзгереді. Kursiv Media жинаған деректерге сүйенсек, топ-15 қымбат университеттің жылдық оқу ақысы 1,2 млн теңгеден 7,6 млн теңгеге дейін барады. Ең жоғары баға шетелдік университет филиалдары мен Назарбаев Университетінде байқалады. Ал жергілікті жеке жоғары оқу орындарының ішінде КИМЭП, Narxoz, AlmaU және КБТУ алда тұр.

Ең қымбат топ: шетелдік филиалдар мен NU

Рейтингтің алғашқы төрттігіне шетелдік университет филиалдары мен Назарбаев Университеті кірді. Cardiff University Kazakhstan бакалавриаты 16 мың доллар деп алынса, 478 теңге бағамымен бұл 7,65 млн теңге болады. Бұл тізімдегі ең жоғары көрсеткіш.

Coventry University Kazakhstan бойынша оқу ақысы 11 400 фунт стерлинг, яғни шамамен 7,23 млн теңге деп есептелді. Бұл оны Cardiff-тен кейінгі екінші орынға шығарады.

Назарбаев Университеті бойынша 2026/2027 оқу ақысы 15 мың доллар деп алынды. Қазіргі есеппен бұл 7,17 млн теңге. Назарбаев Университеті Алматыда емес, Астанада орналасқандықтан, оны негізгі Алматы рейтингінен бөлек, Қазақстан бойынша салыстыру үшін енгізген дұрыс.

De Montfort University Kazakhstan бойынша баға 12 500 доллар деп алынды. 478 теңге бағамымен бұл 5,98 млн теңге. Егер бұл сома жылдық оқу ақысы ретінде есептелсе, университет КИМЭП-тен де жоғары орналасады.

Жергілікті жеке ЖОО-лар: КИМЭП, Narxoz, AlmaU, КБТУ

Жергілікті университеттер арасында ең жоғары көрсеткіш КИМЭП университетінде. Құжатта бакалавриат бағдарламалары үшін 1 кредит құны 163 230 теңге деп көрсетілген. 30 кредитке шаққанда шартты жылдық оқу ақысы 4 896 900 теңге болады. Экономика, журналистика, халықаралық қатынастар, менеджмент, қаржы, құқық, психология, ақпараттық жүйелер және компьютерлік ғылым сияқты бакалавриат бағдарламаларына бірдей кредит құны қойылған.

Мақсұт Нәрікбаев университетінде / MNU бакалавриат оқу ақысы жылына 3,3 млн теңге деп алынды. Осы көрсеткішпен университет Қазақстандағы ең қымбат жергілікті ЖОО-лардың қатарына кіреді. MNU рейтингте КИМЭП-тен кейін орналасып, Narxoz University мен AlmaU-дан жоғары тұр.

Narxoz University бойынша бағаны кредит құны арқылы есептеу қисынды. Университет сайтында кейбір бағдарламаларда 1 кредит 45 700 теңге, ал басқа жерде 52 555 теңге деп көрсетілген. Егер бір оқу жылына 62–70 кредит алынса, Narxoz-дағы шартты жылдық оқу ақысы 2,83 млн теңгеден 3,68 млн теңгеге дейін шығады. Орташа есеппен бұл шамамен 3,24 млн теңге.

AlmaU бойынша 2025/2026 оқу жылына бакалавриат құны 2,6 млн теңгеден 3,2 млн теңгеге дейін деп алынды. Орташа есеппен оқу ақысы 2,9 млн теңге болады. Осы көрсеткішпен AlmaU Narxoz-дан кейін, бірақ КБТУ-дан жоғары тұр.

КБТУ-да оқу ақысы бағытқа қарай 1,9 млн теңгеден 2,5 млн теңгеге дейін барады. Айта кетейік университет 2025-2026 жылға оқу ақысын жаңартпады. Ең қымбат бағыт — IT және инженерия мектебі: жылдық құны 2,2–2,5 млн теңге. Бизнес мектебі 2,0–2,4 млн теңге, энергетика және мұнай-газ ісі 1,9–2,2 млн теңге аралығында. Орташа есеппен КБТУ-дегі оқу құны шамамен 2,15 млн теңге.

Инженерлік және ұлттық университеттер

ALT University / Тынышпаев университетінде бакалавриат бағасы 1,2 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін. Ең төменгі баға архитектура бағытына қойылған. Ал ең жоғары топқа IT, байланыс, көлік инженериясы, энергетика, логистика және теміржол саласына қатысты бағдарламалар кіреді.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ бойынша оқу ақысы 1,6 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге дейін. Ең төмен баға педагогикалық ғылымдар бағытында — 1,6 млн теңге. Ең қымбат топқа халықаралық қатынастар, бизнес, басқару және құқық, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кіреді — 1,9 млн теңге.

SDU University-де 2025/2026 оқу жылына бакалавриат оқу ақысы 1,08 млн теңгеден 2,4 млн теңгеге дейін. Ең төмен баға бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі бағдарламасында — 1 080 000 теңге. Ең қымбат бағдарламалар бизнес мектебінде: есеп және аудит пен қаржы 2,4 млн теңге, digital marketing, менеджмент және экономика 2,22 млн теңге тұрады. IT бағыттарының көбі 1,86 млн теңге деңгейінде.

Тұран университетінде бакалавриаттың негізгі бағасы 1 476 600 теңге деңгейінде. Жалпы диапазон 1,265 млн теңгеден 1,587 млн теңгеге дейін. Ең төмен баға кино және ТВ продюсерлеу бағытына, ал ең жоғары баға актерлік өнер бағдарламасына тиесілі.

Медицина, энергетика және классикалық университеттер

С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқу ақысы 600 мың теңгеден 2,1 млн теңгеге дейін. Ең төменгі баға мейіргер ісінде — 600 мың теңге. Ең қымбат бағдарлама — стоматология, оның жылдық құны 2,1 млн теңге. Жалпы медицина — 1,9 млн теңге, педиатрия — 1,6 млн теңге, фармация — 1,45 млн теңге.

АУЭС-те бакалавриат бағасы 1,26 млн теңгеден 1,68 млн теңгеге дейін. Негізгі 4 жылдық бағдарламалардың көбі — ақпараттық қауіпсіздік, байланыс технологиялары, электр энергетикасы, автоматтандыру, механика, көлік техникасы және жылу энергетикасы — 1,26 млн теңге деңгейінде. Ең жоғары баға 3 жылдық ақпараттық технологиялар бағыты бойынша көрсетілген.

Тағы да оқыңыз: Алматы университеттері 2026-2027 жылға оқу ақысын жариялай бастады.