
Алматының Алмалы ауданы сотында «ҚазТАГ» агенттігі мен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 14 шілдедегі сот отырысына куә ретінде компанияның бұрынғы қызметкері Темірлан Беков қатысты.
Ол клиенттің брокерлік шот деректерін өз еркімен бергенін, кейін өзіне қысым көрсетілгенін айтты. Сөзінше, Жанна Капарова (қылмыстық істегі сотталушы – ред.) жалған қолхат жазуды талап етіп, бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және БАҚ арқылы ақпараттық шабуыл ұйымдастыратынын айтып қорқытқан.
Шот деректерін беру
Куә 2019 жылдан 2020 жылдың ортасына дейін менеджер ретінде клиенттермен жұмыс істеген. Жанна Капарова өзін алғашқы күннен-ақ нарықты жақсы білетін тәжірибелі инвестор ретінде таныстырған. Инвестиция көлемі шамамен 380-440 мың АҚШ долларын құраған.
Беков компания келісімшартында шотқа кіруге болатын деректерді үшінші тұлғаларға беруге қатаң тыйым салынатыны көрсетілгенін айтты. Соған қарамастан, платформамен жұмыс істеуде техникалық қиындықтар болғанын алға тартқан Жанна Капарова өз бастамасымен және ерікті түрде менеджерге аккаунттың логині мен құпиясөзін берген.
«Жұмыс барысында техникалық сипаттағы көптеген мәселе туындады. Сол кезде ол (Жанна Капарова – ред.) техникалық қиындыққа тап болғандықтан, өзінің логині мен құпиясөзін жіберді», – деді куә.
Қоқан-лоқы, бопсалау және ақпараттық шабуыл
Куәнің айтуынша, жанжал 2023 жылы басталған. Ол уақытта Беков инвестициялық компанияда жұмыс істемеген. Сотталушы Жанна Капарова Бековпен жеке кездесу ұйымдастырған, ал Беков бұл кездесуді алдын ала жоспарланған арандату деп бағалап отыр.
«Алдыма телефон қойып, қарызға ақша алдым және белгілі бір уақытта қайтарамын деген мазмұндағы қолхат жазып беруімді сұрады. Қатты таңғалдым. Мұның арандату екенін түсіндім. Сондықтан ештеңе жазбайтынымды айттым», – деді куә.
Сөзінше, жалған құжатқа қол қоюдан бас тартқаннан кейін Капарова қоқан-лоқы көрсете бастаған.
«Ол компанияға шағымданатынын, БАҚ-та мәлімдеме жасайтынын, тіпті түрмеге отырғызатынын айтты. Содан кейін әңгімені жалғастырғым келмей, кетіп қалдым», – деді Беков.
Айтуынша, содан кейін компанияның бұрынғы қызметкерге заңгерлер тарапынан қысым көрсетіліп, құқық қорғау органдары шақыра бастаған. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында оны алаяқтық схемаға қатысы бар адам ретінде сипаттайтын материалдар жарияланған. Беков қаражатты заңсыз шығарды деген айыптау техникалық тұрғыдан мүмкін емес екенін айтып отыр.
Жанна Қапарова кім?
Жанна Қапарова – Астана тұрғыны. Ол анасы, зейнеткер Карлығаш Қапарованың мүддесін қорғап жүргенін айтады. Әйелдің шағымы мен мәлімдемелері «ҚазТАГ» агенттігінің «Фридом Финанс» брокерлік компаниясына қарсы кең ауқымды ақпараттық шабуыл бастауына негіз болған.
Қапарова компанияны лицензиясыз жұмыс істеді, қаржы пирамидасын құрды және брокердің бұрынғы қызметкері Темірлан Бековтің әрекеттері салдарынан анасы ақшасынан айырылды деп айыптаған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірінде Жанна Қапарова «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасеновпен алдын ала сөз байласқан. Қапарова қоғамдық резонанс арқылы брокерді өтемақы төлеуге мәжбүрлеуді көздесе, Қасенов сайттың қаралымын арттыру мақсатында жалған мәліметтерді жариялауға келіскен.
Бастапқыда Қапарованың мүддесін қорғаған адвокат Светлана Оралбаева брокермен медиативтік келісімге қол қойып, Жанна Қапарова фактілерді әдейі бұрмалап, өзін толықтай жаңылыстырғанын мәлімдеді.
Дау 2024 жылдың күзінде Карлығаш Қапарованың бұрынғы менеджер Темірлан Бековке қарсы арыз жазуынан басталған. Алайда 2025 жылдың жазында Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл істі толық тоқтатты. Тергеу барысында клиент Бековтің жұмыстан кеткенін біле тұра оған шотының логині мен құпиясөздерін өз еркімен бергені, табыстың 20 пайызын төлеуге келіскені және әрбір мәмілені SMS-код арқылы өзі растағаны анықталған. Осылайша, ол брокерлік компанияның ішкі талаптарын бұзған.
Қылмыстық іс
«ҚазТАГ» ХАА бас редакторы Әмір Касенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапарова жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр. Ал агенттіктің бас директоры Әсет Матаев бұзақылық және қызметтік міндеттеріне адал қарамау баптары бойынша сотқа тартылған.