
Атырауда қайын жұртындағы төрт адамды өлтірген 30 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төтенше мекемеде өтейді.
«Сұлтан Сәрсемәлиевке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина.

Сұлтан Сәрсемәлиев сот үкімі түсінікті екенін айтты. Ол 15 тәулік ішінде үкімге шағымдана алады.
Төрт адамның өлімі
Іс материалдарына сәйкес, Сәрсемәлиев 2025 жылдың мамырында жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтірген. Кейін мәйітін үйдің маңына көміп, жақындары күмәнданбас үшін оның атынан хабарламалар жазып отырған.
Сол жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өз үйінде пышақтап өлтірген. Жерді 1 метр 30 сантиметр етіп қазып, екі адамның мүрдесін сол жерге көмеді.
Осыдан кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға келеді. Қалада қайын апасы Мейрамгүлді де пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыздың жанына көмген.
Төрт адам қаза тапқаннан кейін Сәрсемәлиев Түркия арқылы Меккеге барып, Құдайдан кешірім сұрамақ болған.
Соттағы сөзінде Сәрсемәлиев Құдай мен мемлекет заңын бұзғанына өкінетінін айтты. Бірақ болған оқиғаға қайтыс болғандардың өздерін кінәлады.
«Бір ғана шындығым – ешкімге жазықсыз, нақақтан-нақақ қастандық қылмадым. Ешкім анадан айуан боп тумайды. Әр адамның бойында ізгілік пен мейірімділіктің дәнегі болады. Менде сол дәнек құнарлы қара жерге емес, қара тастай қасарған қайын жұртқа түскендей болды.
Мен де тағдырымның тас-талқаны шыққанын қаламадым. Бала-шағамнан, әйелімнен айырылып қалуға қорқып, отбасым үшін жанкештілікпен күрескенім осындай қылмысқа әкелді», – деді ол.
14 шілдедегі үкімге сәйкес, Сәрсемәлиев жәбірленуші Әдемі Шылмағамбетоваға моральдық өтемақы ретінде 40 млн теңге төлеуге міндетті. Бұған дейін ол қандай да бір көлемде өтемақы төлеуге қарсылығы жоқ екенін, алайда жағдайы жоқ екенін айтты.
Қылмыстық іс аясында шетелден Қазақстанға жеткізілген Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Екеуінің бес баласы мемлекет қамқорлығына алынған.
